Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында тұтас аудан қыста батпаққа батып қалды

Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданы тұтас батпаққа батып қалды. Мұндағы оннан астам ауылдың 130 мың тұрғыны толарсақтан саз кешіп жүр. Су аралас лай тіпті кейбір үйлерге кіріп кеткен.

Безымянный

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Əкімдіктерден көмек болмаған соң олар жолдарға өздері құм төсеуге кірісті.

Мұнайлы ауданының жолдары қазір батпақтан көз ашпайды. Бұл әсіресе, жаяу жүргіншілерге қиын соғып тұр. Батпаққа бір кірген бала түгілі, ересектер де аяғын алып шығуы екіталай.

Бұл Басқұдық ауылы. Тұрғындар балшықты күндері резеңке етік киіп күнелтеді. Оқушыларға тіпті қиын. Олар суды кешіп өтуге мәжбүр.

“Мына жер теңіз болып тасыды. Үйімізге кірді. Дәретханаға  шыға алмай қалдық”, – Басқұдық ауылының тұрғыны Сапаргүл Ембергенова.

Жергілікті әкімдік қардың суы басқан 78 көшені тазартып үлгере алмай жатыр. Жыл сайын қайталанатын жағдайға олар биыл да дайын болмай шықты.

“Жаңбырға шектеу қоя алмаймыз. Қашан тас төселеді?” – дейді Басқұдық ауылы әкімдігінің бас маманы Өсер Тілепов.

Әкімдіктен қайран болмайтынын халық әлдеқашан ұққан. Сөйтіп әр үй ақша жинап, ойқыш-ойқыш жолдарды тегістетіп алыпты. Алайда жауын бір жауғанда-ақ ол балшыққа айналған. Енді басқұдықтықтар тағы ақша жинауға шамамыз келмейді дейді. Сондықтан әкімдіктен жолына қиыршық тас төсеп беруін талап етіп отыр.

Еріген қар үйлерге кіріп жатыр. Жасы 70-ті алқымдаған Ұлжан Қанабаева немерелерімен бірге ауласын бір апта бойы тазартумен әлек.

“Неше күннен бері насоспен сорып жатырмыз. Әкімшілікке өзім екі кезек ақ жаулығыммен бардым. Жәрдем береміз, машина жібереміз деп еді, жіберген жоқ”, – дейді Атамекен ауылының тұрғыны Ұлжан Қанабаева.

Әр үй 10 мың теңгеден жинап, айналаға құм төсей бастады. Бірақ бұдан да қайран болмайтын түрі бар. Тағы бір жауын жауса, көл болған көшедегі су қайта көтеріледі. Әкімдіктегілер болса, тек шарасыздық танытып отыр.

“Жұмыс істейміз. Өзіміздің де техникамыз жоқ. Бір мекемеден сұрап алып жүрміз уақытша, – дейді Атамекен ауылы әкімінің орынбасары Нұрлан Уәзіров.

Ал бұл ауылдарға жол таяу жылдары төселмейтін секілді. Оған ауыз су тартылған соң ғана кіріспек. Бірақ судың да қашан берілетіні әлі белгісіз.

Талқылау