Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мамық күрткені кір жуғыш машинада және қолмен қалай жуу керек

Мамықтан жасалған сырт киім немесе мамық күртке суда жүзетін құстардың мамығынан жасалынады. Дегенмен, бүгінде мамық күрткелердің барлығы табиғи материалмен толтырылмайды. Сол себептен Stan.kz ақпараттық агенттігі кез-келген жылытқышпен толтырылған киімдерді қалай жуу керек екенін түсіндіріп өтетін мәлімет ұсынады.

Мамық күрткені кір жуғыш машинада және қолмен қалай жуу керек

Мамық күрткені жууға қалай дайындалу керек

1. Күрткенің жапсырмасындағы өндірушілер ұсынған ақпаратты оқып шығыңыз. Онда киімдерді қалай күту керектігі жайлы ұсыныстар жазылады.

2. Затбелгіде сондай-ақ, мамық күрткенің неден жасалғаны көрсетіледі. Сыртқы қаптағама көбіне сыртқы әсерге төзімді: полиэстер, полиамид, нейлон, экобылғары секілді синтетикалық маталар қолданылады. Толтырғыштар синтепон, холлофайбер секілді синтетикалық немесе жүн, қауырсын, мамық сияқты табиғи болуы мүмкін. Егер күртке табиғи заттардан жасалға оны өте мұқият күту керек және өндірушінің ұсыныстарын ескеру қажет.

3. Мамықтан жасалған сырт киімдерді қарапайым ұнтақтармен жууға болмайды. Оның орнына кір жууға арналған сұйық құралдарды пайдаланыңыз. Ал табиғи толтырғышы бар киімдерді тазарту үшін мамықты зақымнан қорғайтын арнайы құралдар сатып алу керек.

4. Егер күрткеде табиғи тері болса, оны жумас бұрын алып тастаңыз. Егер тері ағытылмайтын болса, оны жуып болғаннан кейін және кептіру кезінде сирек тарақпен бірнеше рет мұқият тарап шығыңыз.

5. Бірақ, егер тері боялған болса және түсі күрткенікінен өзгеше болса, онда  химиялық тазалауға жүгінген жөн. Себебі, терінің өңі кетіп, сырт киіміңіз құртылып кетеді.

6. Күрткеңіздің қалтасында ештеңе жоқ екеніне және тесік еместігіне көз жеткізіңіз. Егер жыртық немесе тесік жерлері болса міндетті түрде тігуді ұмытпаңыз, әйтпесе оның ішіндегі толтырғыш шашылып, шығып кетуі мүмкін.

7. Мамық күркеңіздің алды мен қалталарын жауып, капюшонын алып тастаңыз. Киімнің түрі өзгермес үшін жуу кезінде ештеңе салбырап тұрмауы керек.

Күрткедегі дақтардан қалай құтылуға болады

Әдетте, күрткенің жеңі мен жағасы және етегі көп кірленеді. Сондықтан, сырт киіміңізді кір жуғыш машинаға салмас бұрын қатты кірленген жерлерін сулап, кір сабынмен сабындап, жайлап уқалау керек.

Ал күрделі дақтарды бірнеше жолмен кетіруге болады. Қандай әдісті таңдасаңыз да, тазалау кезінде дақтың шетінен бастап ортасына қарай қозғала тазарту керек екенін естен шығармаңыз.

1. Әмбебап дақ кетіргіш құралын жасау үшін, 1 стақан суға 2 шай қасық мүсәтір спирті мен 2 шай қасық кір жуғыш сұйықтық қосыңыз. Содан кейін оны көпіртіп, кір жерлерге жағыңыз. Бірнеше минут күте тұрыңыз да, содан кейін сорғыш затпен, яғни губкамен сулаңыз.

2. Майлы дақтарды бензинмен ерітуге болады. Бензинге мақта батырып және проблемалық аймақтарды өңдеп шығыңыз. Содан соң оның үстіне тальк, тұз, крахмал немесе кез-келген басқа сіңіргіштерді себіңіз. Дақтың бетін жаймен уқалап, қалдықтарын сілкіп тастаңыз. Қажет болса, бұл рәсімді бірнеше рет қайталаңыз. Аяқтаған кезде күрткені дымқыл шүберекпен сүртіңіз.

3. Майлы дақтармен күресуге тұз бен крахмалдан жасалған қосынды да көмектесе алады. Ол үшін тұз бен крахмалды 1:1 пропорцияда араластырыңыз да аздап су қосып, паста тәрізді болғанша араластырыңыз. Содан кейін оны даққа жағып, толықтай кепкенше қалдырыңыз. Кепкеннен кейін ылғал сорғышпен жуып тазартыңыз.

4. Ал жағаға жағылып қалған бетке арналған реңкілік иісмай секілді косметиканың іздері мицеллярлық сумен жуылады. Ол үшін мақтаны мицеллярлық сумен ылғалдандырып, киімдегі опа-далаптың қалдықтарын сүртіңіз.

5. Егер ақ түсті киіміңізге дақ тисе, оны түссіздендіруге болады. Ол үшін мүсәтір спирті мен сутегі тотығын 1: 1 қатынасында араластырып, дағы бар жерлерді сол сұйықтықпен сүртіңіз. Ескерте кетейік, бұл әдіспен түрлі-түсті киімдерді тазалауға болмайды.

Дақтардан құтылғаннан кейін күрткені толықтай жуып алған дұрыс. Себебі, оны толықғымен бір жуып алмаса тазартылған жер мен тазартылмаған жердің айырмашылығы білініп қалып, іздер қалуы мүмкін.

Бірақ, күртке табиғи жылытқыштан жасалса оны сулауға болмайды. Сондай-ақ, мұндай сырт киімдерді түссіздендіріп, ағартуға да болмайды.

Мамық күрткені кір жуғыш машинада қалай жуу керек

Ол үшін күрткені теріс айналдырып алыңыз. Содан кейін кір жуғыш машинаға салыңыз. Бірақ, толтырғыш бөліктерге бөлініп кетпес үшін барабанға арнайы 2-3 шар немесе теннис шарын салу қажет. Күрткені салған соң машинаның арнайы бөлігіне кір жуғыш құралдарды құйыңыз. Бірақ, қаптамадағы нұсқауларды оқып, қанша құю керектігін есептеп алыңыз. Сондай-ақ, киімге арналған кір шайғыш сұйықтықтарды да пайдалануға болады.

Кейбір машиналарда күртке немесе сырт киімді жууға арналған режим бар. Ондай режим жоқ болса, ұқыпты күтімді қажет ететін жүн немесе жібек киімдер жуылатын ыңғайлы режимдерді қолдануға болады. Бірақ, судың температурасы 30 ° C-тан аспауы керек.

Мүмкін болса, қосымша шаю функциясын қосыңыз немесе киім жуылып біткеннен кейін тағы бір рет шайып алғыныңыз жөн. Бұл күрткеде ешқандай жуғыш заттың қалмауы үшін қажет.

Сондай-ақ, мұндай сырт киімдерді қатты сығуға болмайды. Сығу өте күшті болмауы үшін  минутына 400-600 айналым жеткілікті. Себебі, жоғары жылдамдықта күрткедегі толтырғыш түйдектеніп, тіпті тігістері сөгітіліп, ішіндегі толтырғыш шашылып кетуі мүмкін.

Күрткені қолмен қалай жууға болады

Күрткені қолмен жуу үшін үлкен кірші немесе ваннаға жылы су құйыңыз. Температура 30 ° C аспауы керек. Ал жуғыш затты алдымен суда ерітіп алыңыз. Кір жуғыш құралдарды қаптамадағы нұсқауларға сүйеніп, қанша мөлшерде қосу керектігін есептеңіз.

Содан кейін күрткені 15-30 минутқа суға шылап қойыңыз. Одан кейін жаймен жұмсақ щеткамен немесе губкамен жуыңыз. Бірақ, басқа  киімдерді жуғандай күрткенің бөліктерін бір-біріне ысқылап жууға болмайды.

Күрткені жуып болған соң қатты сықпай, бірнеше рет таза сумен шайыңыз. Сондай-ақ, киімге арналған кондиционерді қосуға болады. Бірақ, күрткені орап сығуға болмайды, әйтпесе ол өз формасын жоғартады.

Мамық күрткені қалай кептіру керек

Күрткені шайып, ақырын суын сорғытқаннан кейін барлық ілгегін ағытып, қалталарын шығарып, киімді оң айналдырыңыз. Аударған соң, күрткені ілгішке іліңіз. Егер күрткені қолмен жуған болсаңыз, суы аққанша ваннаға іліп қойыңыз. Суы тез ақсын десеңіз етек жақтарын ақырын қолмен сығуға болады.

Күрткені құрғақ жерге, күн сәулесі тікелей түспейтін және жылытқыштардан алыс қойыңыз. Ешқандай жағдайда күрткені батареяға жаймаңыз және шаш кептіргішпен кептірмеңіз. Әсіресе, толтырғыш табиғи болса. Себебі, жоғары температура мамықтың құрылымын бұзады, ол мыжылып, жылылықты сақтайтын қасиетін жоғалтады. Сондай-ақ, күрткенің толық кепкенін күтіңіз және толтырғышты мезгіл-мезгілімен алақанмен ұрғылап, ішіндегі  мамық бір жерге үйісіп қалмас үшін қолмен реттеп жіберу керек.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау