Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Синоптиктер Қазақстанда биыл қыс суық болады деп болжам жасады

Баспасөз мәслихатын өткізген “Қазгидромет” РМК ауа-райының ұзақмерзімді болжамдар басқармасының басшысы Гүлмира Ақышева алдағы қыс айларында күн райының қалай құбылатынын хабарлады.

zima20141

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

“Желтоқсан айына тоқталатын болсақ, қар мол жауады деген болжам бар. Тек Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында шамадан аз жауады”, – деді ол.

“Қазгидромет” РМК мәліметіне қарағанда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Қарағанды облысының басым бөлігінде нормадан артық қар түседі деп күтілуде.

“Алдағы 2017 жылдың қысы едәуір суық болады. Қаңтар айлары сарышұнақ аязымен тосын мінез танытады. Қаңтарда Солтүстік Мұзды мұхитынан енетін суық ауа массаларына байланысты еліміздің басым бөлігінде температуралық фон орташа көп жылдық көрсеткіштен 1 градусқа төмен болады”, – деді Ақышева.

Оның сөзіне қарағанда, ақпанда әдеттегіден суық болады деп болжанып отыр, тек Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында мөлшер шамасында қалыптаспақ.

“Ақпан айында Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қар шамадан аз жауады, ал қалған өңірлерде мөлшер шамасында байқалады”, – деді ол.

“Ұзақмерзімді болжамдардың температура бойынша орташа сақталуы 65 пайыз, ал жауын-шашын тұрғысында 60 пайызды құрайтындықтан, бұл маусымдық болжамдарды консультативтік кеңес ретінде пайдаланған жөн. Алдағы уақытта бұл ұзақмерзімді болжамдарымыз айлық болжамдармен, ал айлық болжамдар өз кезегінде онкүндік және қысқамерзімді көрсеткіштермен нақтыланып отырады”, – деді Ақышева.

Талқылау