Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мамандар аяусыз қырған: Елорда іргесіндегі ауылда қаңғыбас иттердің өлексесі шашылып жатыр

Астанада иттердің өлексесі шашылып жатыр. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, төрт аяқтыларды аулайтын мамандар қыста оларды аяусыз қырған. Қар ерісімен ауылдың әр жерінде кем дегенде 4-5 жануардың өлігі табылып жатыр екен. 

Мамандар аяусыз қырған: Елорда іргесіндегі Қоянды ауылында қаңғыбас иттердің өлексесі шашылып жатыр
Елді-мекенде қазір антисанитариялық жағдай. Жергілікті жұрт ертең күн ысыса қолқаны қабатын иіспен бірге қандай да бір эпидемия тарай ма деп қауіптенеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

50 мыңнан астам тұрғыны бар Қоянды ауылы құдды бір жануарлардың қорымына айналғандай. Төңірек өлген ит пен құстың өлексесіне толып кеткен. Тұрғын үйлердің дәл іргесінде орналасқан қоқыс полигонының кесірінен балалар далаға шығып ойнаудан қалған. 

«Тура менің үйімнің тұсына мусорный ящикті қойып қойған жолға күнде үйге кіретін кезде мусорды басып кіріп, мусорды басып шығамыз. Үйде 4 бала-шағам бар. Садикке барады, мектепке барады. Кіріп шығуымның барлығы қиындап жатыр. Мында иттің өліктері жатыр, жылқының басы, ішек-қарыны жүндері жатыр. Ертең жаздыгүні иттің, жылқының өлігінен сасығынан ауру жұғады», - дейді тұрғын Жандарбек Өсербаев. 

Біздің түсірілім топ Қояндының 5-6 көшесін аралап көрді, барлығында да бір көрініс - қоқыс толған контейнерлер, жануарлардың өлекселері. Камераның обьективіне 20-ға жуық қимылсыз жатқан ит ілінді. Ашынған жұрт атқыштар бір қыста ауылдың барлық итін қырып бітті, дейді. Айналада тек бірен-сараң енесінен айырылған күшіктер қалған.         

Біз қазір, Қоянды ауылының орталық көшелеріндегі қоқыс тастайтын орында тұрмыз. Мұндағы полигон сиырлардың күнделікті жайылатын жеріне айналған. Ал, үй жануарларының сүтін, етін пайдаланған тұрғындар қандай да бір қауіпті ауру жұқтырып аламыз ба деп сескеніп отыр.

Тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтардың қызығын сол маңдағы Зеңгі баба ұрпағы көруде. Үй жануарлары жайылымды ұмытқалы біраз болған секілді.  

"Мусор жайлы айтсақ, енді мұнда адамдар мусорды бейберекет түнде де, күндіз де әкеліп тастай береді. Ал, мұнда екі компания өзгерді мусор таситын. Мынау соңғысы алып тұр еді, бірақ машиналары бұзылды ма, соңғы кезде бір оншақты күн болды, алынбай қалды", - дейді тұрғын Шайзада Көтібайұлы. 

Мәселенің анық-қанығын білмек болып, Қоянды ауылдық әкімдігіне де бардық. Алайда, ол жерден жергілікті атқамінерді таба алмадық. Жұмыс уақытысында кабинетінде отырмай қайда жүргенін хатшысы түсіндіре алмады. Ал, ит аулаумен айналысатын мамандар ауылда шашылып жатқан өлекселерді тұрғындардың өздері тастаған деп отыр.

"2019-да 360 ит ауланып жойылған. Ендігі жаңағы айтылып отырған жағдай бойынша ауланған иттер жойылады. Бізде көшеде ит қалмайды. Көшеде жатқан иттер Қоянды ауылдық округінде 50 мыңға тарта халық тұрады ол жерде. Барлығы жеке частный үйлерде өздері өлтірген иттерді өздері мусорға апарып тастаған", - дейді целиноград аудандық "төрт түлік" шаруашылық мекемесінің басшысы Өмірбек Төкенов. 

Қазір, ауылдағы шығарылмаған қоқыс бірнеше тоннаға жеткен. Сондықтан, алдағы бірер аптада жауаптылар мәселені мықтап қолға алмаса Қояндылықтар тұрмыстық қалдықтардың астында қалар түрі бар.


 

Талқылау