Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Малсың, есексің дейді”: Қызылордада туған ұлынан таяқ жеген кейуана жан айқайын жеткізді

Қызылордада туған перзентінен зәбір көрген қариялар көбейген. Жыл басынан бері бір ғана дағдарыс орталығына балаларынан қорлық көрген 4 қария түскен. Солардың бірі – 74 жастағы Ақырыс әжей.

"Малсың, есексің дейді": Қызылордада туған ұлынан таяқ жеген кейуана жан айқайын жеткізді

Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі “Астана” арнасына сілтеп хабарлайды.

Кейуананы осыдан бір аптадай бұрын тәртіп сақшылары орталыққа жеткізіп салған. 74-ке келген әжейдің екі ұлы мен немерелері бар. Алайда қартайған шағында қамқор болудың орнына, перзенттері оны соққыға жыққан көрінеді.

“Ұрғаннан кейін тұрғым келмейді, уже бармаймын. «Сен малсың, малсың, есексің»- дейді маған. Көрген көріміме, азарыма, соған жылап отырмын. Қай жаққа барамын еңді? Барғаныммен қайта ұрып, өлтіреді мені ол”, – дейді Ақырыс әжей.

Мамандардың айтуынша, қария бұл орталықты жарты жылға дейін паналай алады. Әрі қарай барар жері болмаса, қарттар үйіне жіберіледі.

“74 жастағы әжеміз осындай біздің учаскелік полиция инспекторы көшеде жүрген жерінен алып келген паналауға «Қамқорлық» дағдарыс орталығына. Әрі қарай да, егерде паналайтын жері болмай балаларының бәрі бас тартып жатса, онда қарттар үйіне собес арқылы сөйлесіп, сол жаққа орналастырамыз. Негізі алты айға дейін осы жерде паналауға болады”, – дейді Қызылорда полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Айнұр Жұмабаева.

“Қамқорлық” дағдарыс орталығы о баста қиын жағдайға тап болған тұрғындарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету үшін ашылған. Бірақ бүгінде мұнда көбіне балалы әйелдер мен қарттар келеді екен.

“Әжейдің жағдайын әлде де тиісті органдар арқылы жан-жақты зерттеп, зерделеу жұмыстарын жүргізу арқылы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес әрі қарай орналастыру жұмыстарын жүргізетін боламыз, – дейді дағдарыс орталығының меңгерушісі Жанар Алтынбасова.

Мұндағылардың айтуынша, панасыз қалған қарияларды іздеп келушілер сирек. Ал балаларынан қорлық көргендер үйіне қайтып баруға қорқады. Сол себепті қарттар үйіне баруға өздері өтініш жасайды екен.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау