Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мақтаралда оқушылар мақта теруге жегілген

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы мақта алқаптарында мектеп оқушылары мақта жинап жүр. Ата-аналар балаларының мақта жинағанын “көмек” деп біледі. Ал облыстық прокуратура жыл басынан бері бала еңбегін пайдалану дерегі тіркелмегенін айтады.

3D98CCD7-5235-4E40-A0E2-384DDB20BE4D_w987_r1_s

Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Мақтарал ауданы Қазыбек би ауылдық округіндегі, Жамбыл ауылы тұрғыны орта жастағы Дилфуза Шадиева – төрт баланың анасы. Тұрмысқа шыққанына 15 жыл болған. Содан бері науқан сайын мақта теріп, нәпақа тауып келеді. “Балаларымның бәрі мектеп жасында. Олар қазір жан-жақта мақта теріп жатыр” деген көпбалалы ана:

“Мысалы, 8-сыныпта оқитын балам күніне 100 килограмм мақта тереді. Қалғаны бос уақытында келіп өздеріне керек ақшаны табады. Оның зияны жоқ қой. Киімдеріне, тамақтарына табу керек”, – дейді ол.

Көрші алқапта мақта жинап жүрген Жамбыл ауылы тұрғыны Мухаббат Бабаева 8-сыныпта оқитын қызының жыл сайын мақта теріп “көмектесетінін” айтады.

“Жылда сабақтан бос уақытында мақта теріп көмек береді. Демалыс күндері таңғы сағат жетіден мақта теруге келіп, кешкі сағат сегізде үйге кетеді. Түстен кейін келген күндері кешке дейін 50 килограмм мақта тереді, жұмыс істеп жүрсе де қызымның сабақ үлгерімі өте жақсы. Кешке барып сабақ оқиды. Бәріне үлгеріп жүр”, – дейді ол.

Алқапта мақта теріп жүрген Жасурбек 4-сынып оқушысы екенін айтып, “бүгін сабаққа бармадым” деді. Оның аты-жөнін айтудан бас тартқан анасы “Апайына (мұғаліміне – ред.) хабарласып, сабақтан сұрадық. Бір жүйек бердік, соны теріп жатыр” деді.

№12 Амангелді атындағы жалпы орта мектептің директоры Айшонық Байдәулетова “Күнде таңертең сағат сегізден сынып жетекшілері оқушыларды қатаң түрде түгендейді. Сабақтан тыс уақытта баланы ауыр жұмысқа салса ата-ана да жауапты. Кәсіпкерлерге кәмелет жасқа толмаған баланы мақта алқабына кіргізуге болмайтынын ескерттік”, – дейді.

Айшонық Байдәулетова “оқушы ауырып қалса, мектеп медбикесінің тексеруінен кейін ғана сабақтан босатылатынын” айтады. Оның сөзінше, “мектепте әртүрлі жағдаймен күніне 5-6 бала сабақтан қалады”.

“Сабақ уақытында босатпаймыз. Біздің де басымыз екеу емес. Түстен кейін өздерінің жекеменшік жерінде мақта теруге шығатын шығар. Сабақтан бос уақытын қалай пайдаланады оны ата-ана шешеді”, – деді мақта алқабында кездескен мектеп қызметкері.

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Айнұр Ақбаеваның хабарлауынша, биыл мақта теруге салынған балалар туралы тексерулер болмаған.

Қазақстанда бала еңбегін пайдалану заңсыз деп танылып, тыйым салынған. Орталық Азия бала еңбегі мәселесі шешілмеген аймақ қатарына жатады. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Өзбекстанда мақта теру науқаны кезінде балалар еңбегін жаппай пайдалануды сынап, осы сынның нәтижесінде мақта-мата кәсібімен айналысатын GAP, H&M және Marks&Spencer секілді 60-қа жуық компания бірнеше жыл бұрын Өзбекстанға бойкот жариялады.

Талқылау