Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мақпал Жүнісова қайырымдылыққа 50 мың АҚШ долларын жұмсаған

Шоу-бизнес саласында да жомарт жандар жетерлік. Жиын-тойларда аса сұранысқа ие әнші Мақпал Жүнісова табысының тең жартысын мұқтаж жандарға ақшалай көмек ретінде береді екен. Бұл жайында Халық артисі Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Мақпал Жүнісова

Мақпалдың айтуынша, оның жеке шотында көк тиын жоқ екен. Себебі, тапқан қаржысының біраз бөлігін өзінен көмек сұраған жандарға аударатын болып шықты. Тұрмысы нашар жетім-жесірлерге ақшалай көмек көрсетсе, өз еркімен жүріп-тұрудан қалған мүгедек жандарға талай рет су жаңа арба сатып әперген сыңайлы.

«Соңғы он жылдың ішінде қалтамнан 50 мың доллар кетіпті. Бұл тек қана қайырымдылық мақсатта ғана жұмсалған қаржы көлемі. Операцияға, қиналған жандарға, 1000, 2000 теңгеден бересің. Осылай білінбей кетіп қалады екен ақша. Негізі мен бергенімді айтпаушы едім», – деп ағынан жарылды Халық артисі Мақпал Жүнісова.

Одан қала берді, сахнада жарқырап жүретін әншіден кейбір адамдар тойына тегін өнер көрсетіп беруін де өтінетін көрінеді. Ондайларға әншінің жауабы да дайын.

«Бірде бір белгісіз жігіт телефон шалып, менің ұйымдастырушым сұраған қаламақыны төлей алмайтынын жеткізді. Сонда менің жауабым былай болды: «Бауырым-ау, енді ақшаларың жоқ болса, неге той жасайсыңдар», – деп мен өзімнің назымды айттым. Әр адам өзінше еңбек етеді. Біздің мамандығымыз сол. Ән айту, ел-елді аралау. Ары-бері тойға ұшақпен ұшып барамыз, ұшып келеміз. Соның бәріне не үшін ұшамыз? Ол керек болған соң ұшамыз. Сахнаға көйлек тіктіртеміз. Туған-туысқандарымызға көмектесеміз», – дейді Мақпал.

Халық артисі туған-туыстарын да қарық қылады екен.

«Мысалы жақында екі жиен қызым күйеуге шығайын деп жатыр. Оларға қаншама ақша кетіп жатыр. Тойға барамын соларға беремін, соларға беремін. Сосын машиналарын да жаңартып беріп жатырмын. Соның бәрі ақша. Мен ақша жинап жатқан адам емеспін», – дейді Халық артисі.

Елдің ерке қызы Мақпал Жүнісова қайырымдылық жасаудан еш қашпайтынын жеткізді. Керісінше, көпшілікті сауабы мол Рамазан айында қайырымды болуға шақырды.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау