Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Махаббатты «шынықтыру»: ғашықтықтан ләззат ала алмай жүрсіз бе?

Өмірде не дүние де болмасын, барлығы да ақылға қонымды: арықтағың келсе – тәттіден аузыңды тый, жалақың жоғары болсын десең – кәсіби шеберлігіңнің өсуіне мән бер, жаңа леп, жаңа серпінді қаласаң – ел аралап, ғаламды тануға ұмтыл. Ал сүйіктіңізбен  арадағы сезімді арттырып, «супер» махаббатқа қол жеткізу үшін не істеу керек?

p1272_1

Біз әрекет жасаудан гөрі, бірінші қадамды еркектің жасағанын күтуді жөн көреміз. Алайда көңіліңіздің түкпірінде махаббатыңызды берік етуге деген ниет жатса, не себепті әрекет жасамасқа? Олай болса, қол ұстасқан ғұмырларын бақытты әрі баянды еткісі келетін ғашықтарға арнап махаббат «жаттығуларын» ұсынамыз.

  1. Бәрінің неден басталғаны есіңізде ме?

Өмір өзен зымырап аққан сайын сезіміміз қылаң берген сәтте бойымызда сарқылмастай көрінген төзім мен нәзіктікті, түсіністік пен алаулаған сезімді ұмыт қалдырып жатамыз. Жоқ, оларды қайтаруға тиіссіз. Махаббатқа толы көздеріңізбен сүйіктіңізге қараңыз да, барлығын тағы бір еске алыңызшы!

  1. Қалауыңызды жасырмаңыз.

Сүйген адамымыздың өзіміз жайлы бәрін білетініне сенетініміз сонша, ішіміздегіні сөзсіз біліп, айтылмаған қалауымыздың, ашылмаған сырымыздың орындалғанын күтуге дағдыланып алғанбыз. Күткеніміз орындалмай жатса, арадағы сезімнің сөніп, бір-бірімізді түсінуден қалдық деген саруайымға салынатынымыз тағы бар. Алайда бейкүнә періштеңізді кінәнің астына алып, сезіміне шек келтіргенше, жай ғана қалауымызды айтып, тілегімізді білдіру – мәселенің шешімі емес пе?

  1. «Күнің қалай өтті?» – деген сұрақ қоймауға тырысыңыз.

Әдетке айналып кеткен осынау қарабайыр сұраққа «Жақсы, өзің ше?» деген жауап алатынымызды біліп тұрамыз-ау. Мұндай диалог сіздерді жақындастырудан бұрын, араларыңызды алшақтата түсуі мүмкін. Оның орнына «Жұмыста қандай қызықтар болды?», «Жаңалықтар оқыдың ба? Бүгін қандай оқиғалар болды екен?» сынды сұрақтар қойып көріңізші. Әңгімелеріңіздің бірден жарасып, құшақ айқастыра тәтті ұйқыға батқанша біраз жайды талқылайтындарыңыз анық.

  1. Ғашықтар – бір-біріне сыншы.

Сүйіктіңіздің қызығушылығы, ұнататын заттары жайлы білетініңіз көп пе? «Білетін шығармынның» аясынан жауап іздемей, ғашығыңыздан әр алуан заттар жайлы көзқарасын сұрап көріңіз. Бұл ретте әр зат жайлы айтқандағы көңіл-күйіне, көзіндегі отқа назар салып, белгілеп алғаныңыз абзал. Нәтижесінде сүйіктіңізге не ұнайтынын нақты біліп, сыйлық жасағыңыз келгенде артық бас қатырмайсыз.

  1. Сексуалды бола біліңіз.

«Сексуалды» сөзін тек жатын бөлмемен байланыстыратынымыз өкінішті, әрине. Бірақ мұнда әңгіме төсек қатынасы жайлы емес, күнделікті өміріңіз туралы. Бәлкім, сүйіктіңізді ыдыс жуып тұрып әндеткеніңіз ынтықтыратын шығар. Мұндай ұсақ-түйектің барлығына назар аударып, бір-біріңізді ненің ынтықтыратыны турасында сөз қозғаудан ұялмаңыз. Есесіне сүйген адамыңызды жаңа қырынан тани түсесіз әрі жаңа серпін аласыз. Ол серпіннің ләззаты да аз емес…

  1. Демалысыңызға шығармашылықпен қараңыз.

Іздесеңіз болғаны, ғаламтор кеңістігінде «Естен кетпес демалыс сыйлар 10 орын», «Шығындалуды қажет етпейтін тамаша кездесуге арналған 20 сценарий» сынды ерекше ойлар жеткілікті.  Оған және өз қиялыңызды қосыңыз. Бірге фильм көріп, пицца жеуге уақыт қашан да табылады. Ал қиялыңызға ерік беретін романтикалық кездесулердің әсері ешқашан да ұмытылмақ емес.

  1. Өміріңіздегі қиындықтар махаббат ләззатынан айырмауы тиіс.

Өміріңіз бен жұмысыңыздағы қиындықтар махаббатты екінші орынға ысыруға мәжбүрлейді. Сол себепті сүйікті адамыңыздың жанында қиындықтар жайлы еске алмағаныңыз жөн. Әңгіме-дүкен құрып, бірге өткізген әр минутыңыздың рахатын сезініп, ортақ істеріңізге барынша қызығушылық танытыңыз. Қиындықтар санаңызды тұмшалап, өміріңізге дендеуге қашан да үлгереді. Бірақ қиындық сізді емес, қиындықты сіз басқаруға тиіссіз.

  1. Ұрыс-керіс демалысты талап етеді.

Араларыңыздағы ұрыс өрши түссе, бармағыңызды шайнататын әрекетке бармастан бұрын әңгімені біраз уақыттан соң жалғасытурды ұсыныңыз. Әңгімеге қайта оралғанша уақыт-емші бәрін орнына келтіріп, бойыңызды ашу емес, ақыл билемек. Мұндайда мәселенің шешімі де өздігінен табылады.

  1. Іштегі сезімді шығарудың айыбы жоқ.

Көбіне біз мақұлдау не ашулану сынды көңіл теңізінің бетінде қалқыған сезімдерді ғана көрсетеміз. Алайда серігіңізге өзіңіздің мұндай  күйге түсуіңіздің себебін тереңінен танытуға тырысыңыз. Бәлкім, қуантатын не мұңайтатын жағдай орын алған болар. Бәлкім, өзіңізді жападан-жалғыз қалғандай сезінетін шығарсыз. Осы сынды тереңнен сыр тартатын сезімдер адамдардың түсіністігі мен қолдауына сеп болады.

  1. Кешірім сұрау – кішірею емес.

Кешірімнің қарым-қатынаста алар орны ерекше. Десе де ол шынайы болуы шарт. Араларыңыздағы мұзды жібіту үшін бой алдырған қателігіңіздің шынайы себебін түсіндіріп, кешірім сұрай біліңіз. Оған қоса, барынша шынайы болып, сөзіңізге өтірік араластырудан аулақ болғаныңыз жөн. Өтіріктің артында еш қайыр жоқ.

Талқылау