Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мадридтік “Атлетиконың” қазақстандық қорғаушысы “Астана” командасына қосылуы мүмкін

Мадридтік “Атлетиконың” және Қазақстан жасөспірімдер ұлттық құрамасының қорғаушысы Дінмұхамед Кашкен жуық арада “Астана” сапына қосылуы мүмкін.

photo_73392

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Бұл туралы vesti.kz сайты хабарлайды.

Қазақстан футбол федерациясының сайтында Тәжікстан құрамасына қарсы ойнайтын 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер ұлттық құрамасы футболшыларының тізімі жарияланған. Тізімге Кашкен де ілінген. Ол жерде оның ресми клубы ретінде “Астана” жазылған. Бұған дейін футболшы ұлттық құрамаға “Атлетико” ойыншысы ретінде шақырылатын.

Ақпан айында астаналық клубтың дубльдік құрамы Тәжікстанда оқу-жаттығу жиындарын өткізген. Жиынға Дінмұхамед те қатысып, тіпті нәтижелі голымен де көзге түсті. Ойыншы, сондай-ақ 23 ақпаннан 7 наурызға дейін созылған Шымкенттегі оқу-жаттығуға да қатысты.

Кейінірек, Дінмұхамедтің әкесі Болат Бақтаев ұлына қатысты мәселе бойынша ақпарат берді.

“Бізді “Астанаға” клуб президенті Саян Хамитжанов пен бапкер Григорий Бабаян шақырды. Біз олармен кездесіп, келісім-шартқа қол қойдық. Бірақ, келісім-шартта біздің “Атлетикоға” кез-келген уақытта оралуымызға мүмкіндік беретін тұсы бар. Қазір “Астанамен” толыққанды келісімге келу үшін мадридтік клубтан бір құжатты күтіп отырмыз”, – дейді футболшының әкесі.

“Ол “Атлетико” үшін ойнауға мүмкіндік ала алмады. Тек жаттығып және жолдастық кездесулерге ғана қатысты. Мәселе мынада: мадридтік клуб сапында ойнау үшін сол жақта тұрақты тіркеуде тұру керек. Бізде олай емес. УЕФА бұған қатысты қатаң бақылау жасап, тіпті командаға айыппұл да салады. Сондықтан “Атлетико” бапкері мені шақырып, футболшының мұндай жаста тұрақты ойнау керек екенін айтты. Нәтижесінде біз “Астанадан” шақырту алдық”, – деп толықтырды Болат Бақтаев.

Футболшының әкесі ұлының “Астана” сапында ойын тәжірибесі болатынына үміттенеді. Оның үстіне, команда бапкері Бабаян Дінмұхамедті “Цесна” қатарында жаттығып жүрген 8 жасынан таниды екен.

“Ол әзірге дубльдік құрамның ойыншысы. Стойлов та оны әлі көрген жоқпын. Алайда біз бәрібір “Атлетикоға” оралып, испандық футбол білімін алуды қалаймыз. Оның үстіне ұлыма “Атлетико” сапынан қызығушылық та бар”, – дейді әкесі.

Еске сала кетсек, Дінмұхамед Кашкен бұрынғы “Цесна”, кейінгі Республикалық спорт колледжінің тәрбиеленушісі.

Талқылау