Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәдина нағашыларының еліне өмірінде алғаш рет барып, тегін концерт қойып берді

Мәдина Сәдуақасованың анасы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Әнші аталған ауылға өмірінде алғаш рет барып, нағашы жұртына тегін концерт қойып берді. Қуанышы қойнына сыймаған ана өмірлік арманының орындалғанын айтып жатыр.

image

Фото: instagram.com/sadvakasovamadina/?hl=ru

Бұл туралы Stan.kz Астана арнасының “Аналар” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Анасының мектеп бітіргеніне 42 жыл болған. Ол әр кез төркіндетіп барған кезде ұялатын көрінеді. Себебі, оның барша Қазақстан білетін жұлдыз перзенті бірде-бір рет нағашыларының ауылына бармаған.

“Осыдан 4 жыл бұрын сыныптастарыммен кездесіп, елім-жерімді көріп ерекше әсер алып қайтқан болатынмын. Қыз кеткен соң төркініне келе бермейтінін жақсы білесіздер ғой. Бүгін Мәдина мен немеремді туған жеріме алып келіп бір марқайып қалдым. Ана болған соң перзентімді осы жерге алып келсем деп армандайтынмын. Әр кез сыныптастарым мен туысқандарыма қызымның өнерін тамашалатқым келетін. Бүгін сол арманым орындалды. Жүрегім шығып кетуге аз қалып тұр”, – дейді анасы.

Жиен болып еркелеп келген Мәдина да бұл ауылға енді ұялмай келетіндігін айтады. Себебі ол нағашыларына тегін концерт қойып қана қоймай, Мұқағали ақынның сөзіне жазылған әнге бейнебаян түсіріп үлгерген.

“Жетісу – жер жәннаты деген рас екен. Соған көзім жетіп тұр. Расында, таулары Мұқағали атамыз жырлағандай өте тамаша, керемет. Ешбір ел біздің Қазақстанның табиғатымен теңесе алмайды.

Өзіме Мұқалидің ешкім орындамаған әнін алып, бейнебаян түсіремін деп уәде берген болатынмын. “Айтатын саған сырым бұл” әніне түсірілген бейнебаяным осы қасиетті жерге арналады. Сол ән жарыққа шыққан соң бір демімді алдым”, – дейді әнші.

4

Мәдинаның өнерге деген қабілетін нағашыларынан дарыған. Мұны анасы да жасырмайды.

“Төрт жыл бұрын кездесуге келгенімде сыныптастарым Айтшы, кімнің қызық екенін?” деп сұрады. “Менің қызым” деп бір мақтанып алғаным сол еді, құрбым сорпа құйып тұрған шөмішімен басымнан бір қойды. “Өй, мына Қарасаздың топырағынан деп айт” деп күлді. Мен де “Иә, иә” деп қосыла кеттім”, – деп анасы қызықты оқиғаны еске алды.

Анасы бастапқыда құрсақтағы сәбиі ұл бала болады деп ойлаған екен. Себебі сол кездің өзінде жыбырлақ болып, тыным таппай еңбектенетін көрінеді.

“Құрсақта жатқанның өзінде өте жыбырлақ болды. Туғанынан осындай белсенді, үнемі бірнәрсені білуге ұмтылып жүреді. Мектептен келе салысымен сөмкесін қойып, барлық жағдайды сақ-сақ етіп айтып береді. Үйге қонақтар келсе, қаз-қатар отырғызып концерт қояды”, – деп анасы қызының балалық шағы туралы айтып берді.

Әнші күйеубалаларымен анасын бірінші таныстырған. Көп жылдан бері ұстаздық қызметте болған анасы Олжасты бірден ұнатқан. Ол енесін өзінің сабырлы мінезімен баурап алса керек.

000

“Өзің қаласаң, алып келіп таныстыр дедім. Қарасам, сабырлы, сондай салмақты жігіт екен. Біз психологпыз ғой. Бірден маған ұнап қалды. Мәдинаның өзін де, өнерін де түсінетін бірден-бір адам осы деп рұқсат бердік. Алғаш қызым босанған кезде немере өзім қарадым. Мәдина енесінің жас, әзірге жұмыс істейтіндігін айтқан болатын.

Әкесіне барлық жағдайды түсіндіріп, қуана-қуана бардым. Кеткен соң араға екі ай салып қайта бардым. Әнуарым өзіме сондай ыстық. Өздері әкелмесе, өзім барып иіскеп кетемін. Олжас пен Мәдинаға Әнуарға енді іні немесе қарындас керек деп жиі айтамын. Екеуі күліп, жымың-жымың етеді”, – деп анасы күйеубаласын өз ұлындай жақсы көретінін айтты.

Әншінің нағашылар ауылында қойған концертін тамашалауға 400-ден астам адам келді. Ол концерт барысында анасын орнынан тұрғызып, көптің алдында алғыс жаудырды.


Жіберіп алмаңыз:

Мәдина Сәдуақасова ұлына гольф ойнауды үйретті (видео)

Мәдина Сәдуақасова Түркияны тікұшақпен аралады (фото, видео)

Мәдина Сәдуақасова шаш үлгісін өзгерткені үшін тыңдармандарының сынына қалды

Сәдуақасованың ұлы махаббат туралы “телехикаяға” түсті (фото)

Талқылау