Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мади Рымбаев неліктен актер болғысы келеді?

Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның кенже ұлы Мади Рымбаев та анасының ізін жалғап, бүгінгі күні бірнеше әндерімен қазақ эстрадасын ақырындап бағындырып келеді. Жақында ғана тыңдармандарын жаңа әнімен қуантқан Мади 2018 жылдың жарқын түлектерінің бірі саналады. Ол Stan.kz ақпараттық агенттігінің редакциясына берген сұхбатында мектеп кезіндегі  басынан өткен қызықты оқиғасын, актерлық өнер мамандығын неліктен таңдағанын және әндерін кімге арнайтынын айтып берді.

Мади Рымбаев: “Мағынасыз қазақ әндерінің саны азайса екен деймін”

Мади, ең алдымен сізді мектеп бітіруіңізбен құттықтаймыз. Естуіміз бойынша, сіз Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, кино және телевидение факультетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр екенсіз. Осыған байланысты, актерлық пен әншілікті бірге қатар алып жүру қиынға соқпайды ма деген сұрақ қойғым келіп отыр. Келешекте екеуінің біреуін таңдау қажет болса, қайсысын таңдайсыз?

Біріншіден, актерлік өнер маған не үшін керек екенін түсіндіріп өткім келеді. Әртіс болған соң, жеке басым сахнада халықты әсем әнмен ғана тамсандыру жеткіліксіз деп ойлаймын. Оның үстіне қазіргі таңда өнер десе ішкен асын жерге қоятын қауымды бір өлеңмен таңғалдыра алмайсың. Олардың көңілінен шығу үшін сахнада қызықты қойылым қойып, актерлық шеберлігіңді де көрсетуің керек. Сондықтан болашақта мен де көрерменнің алдында жақсы өнер көрсету үшін және бейнебаяндарымның түсірілімдерінде керемет нәтижеге қол жеткізу үшін өнердің осы саласын үйренсем деймін. Болашақта актерлық пен әншілікті бірге алып жүру еш қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Ал екеуінің біреуін ғана таңдауым қажет болса, актерлықтан бас тартамын, себебі мен музыканы қатты жақсы көремін, онсыз өмір сүре алмаймын десем де болады. Дегенмен келешекте екеуінің біреуін ғана таңдауға тура келетін жағдайлар болмайды деп үміттенемін.

Бір сұхбатыңызда математика пәнінен қиналатыныңызды айтқан едіңіз. Математикадан бөлек мектепте қандай пәнді оқу қиынға соқты?

Мектепте математика пәнін түсіну маған қиын болды. Қалған сабақтардың барлығын төрт пен беске оқыдым деп мақтанышпен айта аламын.

Мектепте оқып жүргенде басыңыздан өткен қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз…

Бастауышты бітіргенде, мектептерде сәйкесінше соның құрметіне шағын концерттердің қойылатыны белгілі. Менің қоштасу кешімде сыныптастарымның біреуі ән айтса, екіншісі би биледі, ал мен бірнеше оқушылармен бірге қойылымда ешкінің рөлін ойнадым. Сахналық көрініс көрермендердің көңілінен шықты, бірақ бәрінен де оларды қойылым соңында менің шалбарымның шешіліп кетуі қатты қуантты. Осы оқиғадан кейін екі апта көлемінде достарым шалбарымның шешіліп кеткенін қайта-қайта айтып, қалжындап жүрді.

Мади Рымбаев: “Мағынасыз қазақ әндерінің саны азайса екен деймін”

Ағаңыз бен анаңыз мектеп бітіргеніңізге сөзіне жиі құлақ түресіз бе немесе маңызды шешімдерді өзіңіз қабылдайсыз ба? Университеттегі оқуыңыз шығармашылығыңызға кедергі жасамайды ма?

Актерлық шеберлікті таңдауға кеңес берген ағам мен анам. Негізінен, мен әрқашан отбасымның айтқан ақылын тыңдауға тырысамын, себебі олардың маған қарағанда тәжірибесі мол, маған не керек екенін екеуі жақсы білетініне еш күмәнім жоқ. Біз жанұямызда білімге, оқуға үлкен көңіл бөлеміз. Әрине, ән жазу, шығармашылығымды жетілдіру мен үшін маңызды, бірақ жоғары оқу орнында арнайы білім алып, қалаған мамандық иесі атану дәл қазіргі уақытта маңыздырақ болып тұр. Бар уақытымды бөлгім келеді, ал сабақтан қолым босағанда өлең жазумен айналыса беремін.

Сіздің ән жазуды, айтуды ұнататыныңызды жақсы білеміз. Жалпы, ән жазуды неден бастайсыз? Бірінші сөзін жазасыз ба, әлде әнін бе? Жақында жарық көрген “Терең” әні қалай жазылды?

Шабытым келсе, өлеңді кейде он минуттың ішінде, ал шабытым болмаған жағдайда бір әнді он күннің ішінде жазамын. Ең алдымен, өлеңнін әні туған соң, өлеңде не айтылатынын, мағынасы қандай болатынын ойластырамын, сосын барып сөзін жазғанды жөн көремін. Әрине, барлық өлеңдерімнің сөзін өзім шығарғым-ақ келеді, бірақ егер менің ойымды жақсы жеткізе алатын авторды тапсам, сөзін жазуды сол адамға тапсырамын.

Шабытым келсе тез жазамын деп айттыңыз, шабытты қайдан аласыз?

Мені өз ісін жақсы көретін және қоғамның алға жылжуына үлесін қосатын еңбекқор адамдар шабыттандырады. Шабытты жан-жақтан аламын деп те айтсам болады, кейде табиғат мезгілі, ауа-райы құбылып өзгерген кездері шабытым оянады. Мысалы, жақында жарық көрген “Терең” өлеңін күз мезгілінің көңілсіз күндерінің бірінде шабытпен туған туындылардың қатарына жатады.

Мади Рымбаев: “Мағынасыз қазақ әндерінің саны азайса екен деймін”

“Терең” әнінің шығу тарихы жайлы толығырақ айтып бере аласыз ба? Өлеңдеріңіздің барлығы басыңыздан өткен оқиғаларға негізделген бе әлде қиялыңыздан туған ба?

Өлеңдерімнің жартысы шынайы басымнан өткен оқиғалардан, қалғаны қиялымнан жазылады. “Терең” — репертуарымдағы шынайы оқиғаға негізделген, осыдан жарты жыл бұрын күз мезгілінде туған туынды. Негізінен, мен күзді ұнатпаймын. Күннің суытып, жаңбырдың көп жауыуынан басым ауырады, көңіл-күйім болмайды. Осындай күндердің бірінде “Терең” өлеңінің әні, кейіннен сөзі жазылды. Менің көңіл-күйімнің жоқ болуыма байланысты, сәйкесінше өлең де мұңлы болып шықты.

Бір сұхбатыңызда шығарған өлеңімді ағама, анама көрсетуге қорқамын деп атйқан едіңіз, әлі де солай ма?

Шынымды айтсам, әлі де солай. Өлең жазуды үйреніп жүргенімде, өлеңдерімнің демо нұсқасын Әлиге көрсететінмін. Қазір өлеңді жарық көргеннен кейін, ағамнан жай ғана әнім жайлы не ойлайтынын сұраймын.

Неліктен көрсетуге қысыласыз? Көңілінен шықпай қалады деп ойлайсыз ба?

Менің музыкамды түсінбей қалады ма деп қорқамын. Менің әндерімді Әлидің әндерімен салыстырғанда көптеген айырмашылықты байқайсың.

Мади Рымбаев: “Мағынасыз қазақ әндерінің саны азайса екен деймін”

Қандай жанрда өлең шығаратыныңызды айқындап алдыңыз ба?

Соңғы уақытта мен үшін жанр деген түсінік жоқ болып кетті. Жалпы мен бір жанрға байланғым келмейді, себебі бір сарынды әндермен тыңдармандардың көңілінен шықпайсың. Қазір музыканың бірнеше стильдер бір-бірімен араласқан, осыны пайдаланып жақсы өлеңдер жазуға болады.

Тыңдармандарыңыздың талабына үлкен мән беретін сияқтысыз. Өлеңдеріңіз арқылы тыңдармандарыңызға қандай ой тастағыңыз келеді?

Қазіргі таңда сапасыз, мағынасы жоқ қазақ тіліндегі әндер азайса екен деймін. Жеке өз басым қазақ әндерін жаңа деңгейге көтерсем деймін, әр жазған өлеңім тыңдармандарыма қуат беріп, шабыттандыратып, олардың көңілін көтерсе екен деп тілеймін. Тыңдармандарыма келешекте жақсы әндерді арнаймын деп үміттенемін. Менің әлеуметтік желілердегі парақшама тыңдармандарым жылы лебіздер жазып, әндерімнің көңілдерінен шыққанын айтып жатады. Менің әнімнің біреуге пайдасын тигенін естігімде, қуанамын, барлық жылы сөздерге алғыс айтамын.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау