Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәдениеттанушы: Өзгелер мазақтап жүрген “Мәмбет” сөзі аяулы пайғамбарымыздың есімі

Мәмбет дегеніміз не, я болмаса кім? Тақырыбымызға апта басында айтқан алматылық бойжеткеннің мәлімдемесі түрткі болып отыр. Айтуынша Алатау баурайындағы әсем шаһардың көшелерін ауылдан келген жабайылар түкіріп, ластап берекесін қашырған екен.

Иә, қылымсыған кірпияз қыз бәлкім қала тазалығына алаңдап, өзінің азаматтық ұстанымын көрсеткісі келген болар. Бірақ мәдениетсіздерді Мәмбетке теңеу қаншалықты орынды? Біз білетін мәмбет ол – кешегі жерін жаудан қорғаған Мәмбет батыр, Дарабоз Қабанбайдың руы, қала берді Мәмбет Қойгелді сынды теңдессіз тарихшымыз бар. Айта берсең көп. Бірақ мәмбет ұғымы неге надандықтың синониміне айналып кетті, деп хабарлайды Евразия арнасы.

Ауылдан келгеннің әдепке сыймайтын әдеттерін сынап жатыр ғой, бұл қыздар. Дұрыс-ақ. Бірақ, мәмбет деп жиіркеніп, мазақ қылғанша, “қалада бүйтпейді ғой!” деп түсіндіріп жіберуге не кедергі?!

Мәдениеттанушы: Өзгелер мазақтап жүрген

Жә, мәмбет деп  әдепсіз, сауатсызды ғана айтпайды екен. Егер, «городской» қазақтың сөзіне үңілсеңіз, келемеж сөздің кейіпкерлері, ауқымы да тым үлкен сияқты.

Мәмбет  көшеге түкіруші, сауатсыз деген мағына бергенімен, негізгі адрессаты  қазақ. Рас! Мәмбет дегенді  келімсектер қазақтың қосымша атауы ретінде пайдаланатын болған. Мысалға, дәл сондай әдепсіз, түкірінгіш басқа ұлттың өкілін, кім мәмбет деп мансұқтағанын көрді? Жоқ қой, жоқ! Өкініштісі, осы жағын ешкім ескеріп жатқан жоқ…

Мамбет! Бұл сөз қайдан шықты, қашан шықты? Білуімізше, тың игеру жылдары қаптап келген орекеңдер шығарған. Қазақша сөйлейтінді қараңғы, мәдениетсіз етіп көрсету үшін. Былайша айтқанда, «мәмбет» сөзі орыстандыру саясатының католизаторы болды. Елдің көзіне «мәмбет» болып көрінбеу үшін ауылдан келген қазақтардың өзі тілі жеткенше орысша сөйлеп қалуға тырысатын.Қазір заман басқа. Бірақ…

«Қиыны, кезінде отаршылдар отарланған ұлтты сөйтіп мазақтайтын болса, қазіргі кезде тәуелсіз елде, қазақтың бір-бірін мазақтайтын, жамандайтын сөзге айналып кетті» – дейді тілтанушы, ғалым Бекарыс Нұриман.

Сауатсыз, әдепсіз кісіні басқалай атауға болмай ма?! Себебі, Мәмбет ең аяулы есімдердің бірі, негізі.

«Мәмбет деген сөздің мағынасы ол  ардақты пайғамбарымыздың Мұхамед (с.ғ.с) есімі. Мұхамедтің парсыша варианты  Мамет. Оны қазақтар мамбет дейді.  Менің руым  Мәмбет. Мен керсінше, руымның пайғамбарымызды иеленгенін мақтан тұтатамын» – дейді мәдениеттанушы Омар Жәлел.

Оңбаған, сауатсыз кісіні пайғамбардың есімімен келемеждеу  құт-берекеден айырады. Дін білгірі Омар ағам осылай дейді. Айтпақшы, мәмбет болғаныма мақтанам,-деп қалды ғой. Енді, бұл кісінің пайымынша МӘМБЕТ  Мұхамедші, Мұхамедтің ізімен жүруші деп, мәртебесін көрсететін сөз екен.

Мәселен біз мамбет дегеннен арланатын болсақ,  Түркияда, біреуді «Мәмбет» деп айтып көрші, мәз боп, арқаңнан қағады, құшағына алады. Ол жақта, Мәмбетке қатты ұқсас Мехмедчик деген атау бар. Елді қорғаушы, арды қорғаушы деген мағына береді.
Жә, Түркиядағыдай мәмбет десе, қуанатындар, соңғы уақытта аз да болса, төбе көрсетіп жүр. Солардың алды жазушы Бельгер ағамыз еді.

«Мен өзім де мәмбетпін ғой. Ауылдан шыққан қазақпын. Осындай адамдар менің жаныма жақын. Негізі, қазақтың бір-бірін мәмбет немесе шала-қазақ деп сыртқа тепкені жақсы нәрсе емес. Осы шала-еврей дегенді естімейміз ғой. Еврейсің бе, бітті. Бізге де осы керек!» – дейді жазушы Герольд Бельгер.

Бельгер ағамның тағы бірде, «Мәмбет» дегенде көз алдыма ақылды да білімді, зілсіз күлкісі мен балалық ашықтығы, дархан көңілді қазақ елестейді деп айтқаны бар. Кім біледі, осылай түсіндіре берсек, әлгі атау негатив мағынадан арылып, ұлттық брендке айналуы бек мүмкін. Жоқ, бұл кекесін емес. Тарихта, тұқырту мәніндегі сөз, көп өтпей абырой саналған шақтар болған. Мысалға Испания. Қазір ғой, қара қызыл көйлек, қоқаңдаған мінезді би, бұқаға шіренген мынау көріністерді жұрт  Испанияның бренді санайды. Ал, осыдан 150 жыл бұрын дәл осы киім, сол киімнің ішіндегі адамдарға испанның бай-бағланы, интелегенті мұрнын шүйіре қараған. «Махо» деп мазақтаған. Онысы біздің мәмбет дегенге келеді. Ол заманда, испандар Бонапартқа бағынып, корольден бастап, байшыкештеріне дейін испан тілін ұмытып, французша сөйлеп, француз мәдениетімен ауырырып жүрген-ді. Ал ауылдан шыққандар, келімсек мәдениетті қабылдағысы, мойындағысы келмеді. Французға еліктегендер нәзік, ақшыл түстерге әуес болса, ауылдық испандар қара-қызыл, тым қанық киімдер киінді. «Сіз», «сеньор» деп сызылған қоғамда, олар тым эмоцияшыл еді.

«Ал анау махолардың бір ерекшелігі, ерекше болмысы, францфилдерге ұқсамайтындығы ұнады да, біртіндеп корольдің айналасындағы адамдардың арасында махоға еліктеу… Махолар сән қой болғанда, көзге ұрып тұратын сән қой болған. Ал қызыл, қара көк деген сияқты? Иә, ешқандай стиль деген мақамдарға келмейтін болған да. Бастапқы кезде түрпідей тиген киім киісті біртіндеп, корольдің айналасында шашбауын көтеріп жүргендер де игеріп алады да, ол сәнге айналады» – дейді халықаралық аудармашы Асқар Базарбай.

Испандық махо мен қазақтың мәбетінің арасында аналогия жүргізуге бола ма?! Әлбетте! Қарап отырсаңыз, мәмбетизм, мәмбет дегеннің де жағдайы басқаша реңкке ие болуда. Қазіргі тырнақшадағы «мәмбеттердің» өзі бұрынғыдай емес. Олар да жетіліп, олар да эволюцияға ұшырап жатыр. Ал орыстілді қауым болса…

«Олар бір, біз онсызда мәмбеттерден қарағанда көп оқығанбыз деген тоқмейілсу бар да. Ал мәмбеттер аш та. Мен термин ретінде айтып жатырмын. Олар аш, оларға дәлелдеу керек. Сен мәдениетсіз, оқымағансың дегеннен әбден зәбір көріп, іштей ғыжылы бар да. Ашқарақтана білімге талпыныс бар. Барлығында емес, біршама нан жағдайын реттегендері, білімін, мәдениетін жетілдіругне талпынатын сияқты қарап отырсаң. Мен ойлаймын, мәмбет дегеннің негатив мағынасының өзектілігі жоғалуда деп – дейді халықаралық аудармашы Асқар Базарбай.

Кезінде, Испандық махо  қазіргі қазақтың мәмбеті сияқты маргинал саналды. Бірақ, түбі қараша жеңіп шықты. Бізді де, осы тарих күтіп тұр. Қазақ мұны қалай деуші еді?! Сиырдың басына туған күн, бұзауға да туады…

Тағы да оқыңыз:

Мамбет, калбит, Мырқымбай. Қазақстанда қандай сөздерді айтпауға кеңес беріледі

Полиция саудагерлер аман алып қалған жезөкшенің оқиғасына қатысты пікір білдірді

Алматылық оқушы 8 жасар қызды педофилден құтқарып қалды

Жүрегім ауырды: Ақтөбелік кәсіпкер мүгедек қыздың отбасына 2 бөлмелі пәтер сыйлады

Талқылау