Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәдениет министрлігі кесенелерге кіру неліктен ақылы болғанын түсіндірді

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі “Әзірет Сұлтан” және “Отырар” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарының ақылы қызмет түрлеріне қатысты түсініктеме берді.

3f14d08cf082f65fb9701910eee3e1c2

Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.

“Музей-қорықтар еліміздің тарихи-мәдени мұраларын сақтауда маңызды қызмет атқарады және ескерткіштердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда, музей-қорықтардың аумағында мемлекеттің қорғауына алынған тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан”, – дейді ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаменті тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Бағдат Тәженова.

Оның айтуынша, тарихи-мәдени игіліктерді тамашалауға келген азаматтар мен туристерге 2007-2016 жылдар аралығында ақысыз негізде қызмет көрсетілген, яғни, музей-қорық аумағына кіру тегін болды. Себебі, мәдениет ұйымдарының ұйымдастыру-құқықтық формасы “мемлекеттік мекеме” болатын.

“Бұл жағдай музей-қорықтар аумағындағы тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесі былай тұрсын, келушілер тарапынан қарапайым санитарлық нормалардың сақталмауы, тәртіпсіздік жасау секілді фактілерге жол берді, себебі, кез келген өнімге немесе қызметке ақысыз қолжетімділіктің болуы оның құндылығы мен маңыздылығын төмендетуге әсер ететін үрдісті жоққа шығаруға болмайды. Сонымен қатар, ақысыз қызмет көрсетілген кезде келушілердің легін тиісті деңгейде қадағалау мүмкін емес. Халықаралық тәжірибеде музей-қорықтар мемлекет тарапынан ішінара субсидияланады, ал мекемені күтіп-ұстауға қажетті қаржының бөлігі ақылы қызмет есебінен құралады. Ең басты назар аударатын мәселе, ақылы қызметтен түсетін қаржы музей-қорықтың аумағында орналасқан ескерткіштерді сақтауға, күтіп-ұстауға және насихаттауға бағытталады” – дейді Бағдат Тәженова.

Басқарма басшысының атап өтуінше, кесенеге ақылы кіру қызметін Қазақстан енді ғана қолға алып жатса, әлемдік тәжірибеде бұл бұрыннан бар. Мысалы, көршілес Өзбекстан елінде тарихи-мәдени мұра ескерткіштері – Хазрет-Имам, Гүр-Әмір, Бибі-ханым, Рухабад, Жаһангир, Күмбезді-Сеийдан кесенелеріне, Хазірет-Хызра мешітіне, Шахи-Зинда сәулет кешендерін, Регистанды және тағы басқа тарихи орындарды тамашалау үшін жас ерекшеліктеріне қарай билет құны 200-ден 5000 сумға дейін болса, шетел азаматтары үшін 3-7 доллар көлемінде белгіленген.

Түркияда Ататүрік жерленген музейге, Долмабахче ханым сарайына, Топкапы сарайына, Айя София музейіне кіру ақылы. Ресейде де осындай тәжірибе кеңінен пайдаланылады. Ресейдің ұлы жазушысы Лев Толстойдың “Ясная Поляна” музейіне кіру бағасы 250 рубль болса, орыс халқының ұлттық пантеонына баланған Петропавлск қорғаны музейіне кіру бағасы 200 рубль. Осындай мысалдар жеткілікті.

“Әлемдік тәжірибені негізге ала отырып, сондай-ақ, музей-қорықтардың мәдени-ағартушылық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және негізгі қызметтерін кеңейту үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет саясатының тұжырымдамасы аясында осы ұйымдарды реформалау арқылы олардың қызметін жетілдіру және дамыту жоспарланды. Осы орайда, ҚР Үкіметінің арнайы қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты алты музей-қорық “мемлекеттік мекеме” формасынан “республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын” болып қайта ұйымдастырылды. “Мемлекеттік мүлік туралы” заңға сәйкес қазыналық кәсiпорындардың мақсаттары және мiндеттерi кәсіпорын жарғысында айқындалды. Сонымен бірге, жарғыда мемлекеттік музейлер және музей-қорықтар ақылы қызмет түрлерін көрсету құқығы қарастырылған”, – дейді Б.Тәженова.

Сонымен бірге, оның сөзінше, заңнама талаптарына сәйкес кәсіпорындарға мемлекет тарапынан төленетін субсидияның көлемі бекітіледі. Мысалы, “Әзірет-Сұлтан” және “Отырар” музей-қорықтарының шығынын өтеуге бағытталатын субсидия мөлшері 80%-90%-ды құрайды, яғни, музей-қорықтар ескерткіштерді сақтау, күтіп-ұстау, инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық базасын нығайту секілді шығыстардың 10-20%-н ақылы қызмет көрсету арқылы табуы тиіс.

“Бұл жағдай музей-қорықтардың аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен сақтауға бағытталған шараларға қажетті қаржыны ішінара ақылы қызмет арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді, әрине, бұл мемлекеттік бюджетке түсетін салмақтың көлемін де төмендетеді. Ал музей-қорықтың аумағына кірген келушілер, мысалы, “Әзірет-Сұлтан” музей-қорығының аумағындағы архитектуралық ескерткіштерден басқа Әмір Темір дәуірінен жеткен ХІҮ ғасырдың құнды жәдігерлер тайқазан, шырағдандар, кесене қақпасымен қоса Құдықхана, Асхана, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай бөлмелеріне қойылған тұрақты экспозицияны тамашалайды, қорық-музейі құрамындағы Жұма мешіті, Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Рәбия Сұлтанбегім кесенесі, Түркістан тарихы музейлерімен, сондай-ақ “Отырар” музей-қорығында да сәулет өнерінің туындысы “Арыстанбаб” архитектуралық кешенінен басқа сол маңайдағы ескерткіштердің тарихымен танысады”, – деп түйіндеді сөз соңын ҚР МСМ Мәдениет және өнер істері департаменті тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы.

Талқылау