Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәдениет министрі 53 қате шыққан бұйрықтағы жаңылыс менен емес деп ат тонын ала қашты

Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолы қойылған төрт беттік бір бұйрығынан журналистер 53 қате тапқан еді. Бірақ министр жаңылыс менен емес деп ат тонын ала қашты.

Безымянный

Сурет kapital.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Айналдырған төрт бетте 53 қате. Сорақысы сауатсыздықпен терілген бұйрыққа Арыстанбек Мұхамедиұлы қол қойған. Бірақ министр бұл біздің емес, құжатты қабылдап алған ұйымның айыбы деп ақталды. “Тып-тиянақты, қатесіз барған құжатты компьютерге саламыз деп өздері бүлдірген” деп отыр. Тіпті қолы бос кезінде өлең жазатынын айтқан министр төрт бетті тексеруге сауатым жетеді дейді.

“Ондай бізде жоқ. Бір хатта бірнеше қате. Ана жерде не ғой о-ны ө деп, г-ны ғ деген. Технический екені бірден көрініп тұр ғой. Бір қате бірнеше рет қайталанып тұр. Енді ол таза техника шаруасы. Егер ішінде стилистикалық қате болса, бізге қиын. Мен келген хатты өзім оқимын, өзім өнертану докторымын, өлең, ән жазамын”, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Ал, құжатты жариялаған Әділет министрлігіне қарасты ақпарат орталығы қате бізден емес дейді. Себебі мемлекеттік мекемелер жариялау керек құжатты түпнұсқа көшірмесі етіп қағаз жүзінде, және ПДФ форматтағы сканер үлгісінде әкеледі екен. Яғни Арыстанбек Мұхамедиұлының қолы қойылған бұйрық қате қалпымен келуі мүмкін. Орталықтағылар фотосурет ретінде келетін құжатқа өзгерту енгізе алмаймыз, біздікі тек жариялау деді.

“Біз ПДФ форматқа тиіспейміз. Бұл фотография. Техникалық қателік біздің кәсіпорын тарапынан кеткен жоқ. Бұрын-соңды мұндай қателік те жасап көрмеппіз”, – дейді ҚР Әділет министрлігі, «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК директоры Ербол Оспанов.

Орталық жауабын естіген министр орталық “қате бізден кеткенін дәлелдесін” деп дүрсе қоя берді.

“Жоға, ондай мүмкін емес, онда қатемен келгенін сіздерге берсін. Міне, олар қате жіберді деп”, – деді министр.

Ал қазнет қолданушылары бұйрықта тек техникалық емес, стилдік қатенің де өріп жүргенін айтады. Министр тартыса бермей, жұрттан кешірім сұрауы тиіс дейді. Жұрттың ашуына ілінген бұйрық “Әділет.заң” сайтында әлі тұр. Қатеден көз ашпаған құжатты алып тастаған да, түзеткен де ешкім жоқ. Тек мәдениет министрлігі шулы оқиғадан кейін құжаттың қатесіз түпнұсқасын өз сайттарына жүктеп қойған.

Талқылау