Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лирик ақын Сағи Жиенбаевтың өмірбаяны

Нәзік жырмен оқырманын елең еткізіп, қазақ әдебиеті әлеміне 60 жылдары Сағи Жиенбаев келді. Сағи Жиенбаев әдебиеттің түрлі тақырыбында жыр жырлаған көрнекті ақын. Оның поэзиясында табиғаттың әсем сұлулығы, әсерлі махаббат, жан сұлулығы, тап-таза сезімдер өрнектеліп суреттелген. Stan.kz ақпарат агенттігі нәзік жырларымен халық жүрегінен орын тапқан ақынды еске ала отырып, Сағи Жиенбаетың өмірінен сыр шертеді.

Лирик ақын Сағи Жиенбаевтың өмірбаяны

Сағи Жиенбаев 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы Оймауыт деген ауылда дүниеге келген. Балалық шағы Отан соғысына тап келіп, көп қиындық көрсе де, ол үнемі кітап оқыды, әдебиетті ерекше жақсы көрді. Соғыс тақырыбында жазылған «Жеңістің тұңғыш таңы», «Күткен күн», «Медаль» өлеңдері кеңес одағы тұсында жоғары бағаланды.

Сағи Жиенбаев 1955 жылы Гоголь атындағы Қызыорда педагогикалық институтында білім алып, өмірлік жары Уәзипаны сонда кездестірді.
Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Сағи Жиенбаев пен жары Уәзипа Жиенбаева екеуі сонау Жезқазған жерінде жүріп, асау арманның жетегімен бір-біріне сүйеніш болып, алдарына биік мақсат қояды. Сағи ақынның бар аңсары рухани астана болған Алматыға барып, әдебиеттің қайнаған ортасында жүру еді.

Сөйтіп, ақын 1956 жылы отбасымен Алматыға көшіп келеді. Жылдар өтіп, кешегі Алматыны аңсап, үлкен ақын болуды арман тұтқан жас Сағи әдеби ортада тез танылды. Қазақ поэзиясына өзіндік қолтаңбасымен, суреткерлігімен айрықшаланып қосылған ақынның өлең өлкесіндегі сапары сәтті басталды. Ақынның таланты бір басқа, ал сол талант иесіне әсер ететін ортасы мен отбасындағы жайлылығы болмаса, ақынның сапары сәтті болмас еді.

Сағи Жиенбаев Алматыға алғаш келгенде өзіне ақыл айтып, жол нұсқаған ағаларының алдын кеспеген жан.

1956 жылдан бастап ақын «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» және тағы басқа да бірнеше қазақ журналдарында жұмыс істеді.

Оның поэзисы өзінше өзгеше болды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың өзі ақынға ризашылықпен жоғары баға берген. Ол: «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін оқыдым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар. Бір түрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар. Поэзия керек – осы шыншылдық», деп Сағи ақынның поэзиясына өз бағасын берді.

40 жылдық шығармашылық қызметінде Сағи Жиенбаев айрықша ақындығымен танылды. Лирик ақынның «Қарлығаш» атты алғашқы жыр-жинағы 1959 жылы жарыққа шықты. Біртуар ақынның алтын қаламынан туған «Дала гүлі», «Сырлы теңіз», «Алтын қалам», «Оймауытым» секілді 30-дан туындысы жыр кітап болып шықты.

Оның операға да қосқан үлесі аз емес. Сағи Жиенбаев Ғазиза Жұбанованың «Еңлік-Кебек», сондай-ақ Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операларының либреттасын жазып берген. Тіпті, оның өлеңдері түркі тілдеріне аударылып, бірнеше шет ел тілдерінде басылып шықты. Ақын бірнеше әнге мәтін жазып, орыстың және басқа ақындардың өлеңдерін тәржімалап, кітап етіп шығарды. Ол: Пушкин, Лермонтов, Туманян, Брюсов, Смеляков, Ғамзатов, Кугультинов, Қаноатовтың өлеңдері болатын.

Өлең-жырлары жұртшылық көңілінен шыққандықтан, Сағи ақын марапатсыз қалмады. Сыршыл да, шыншыл Сағи Жиенбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған.

Өкінішке орай, халқына осындай жыр сыйлаған ақын дәл туған күнінде, 60 жасында дүниеден озды. Ақынның еңбегін бағалаған жерлестері Ақтөбе қаланының орталығына, Ақтөбе облыстық кітапханасына, өзі білім алған орта мектепке Сағи Жиенбаевтың есімін берді. Соңында қалған оқырманы барда Сағи ақынның сырлы өлеңдері мәңгі өмір сүреді.

Талқылау