Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лауазымды офицер парамен ұсталған соң Қорғаныс министрлігінде тексеріс басталды

Қорғаныс министрлігінің офицері ірі көлемде пара алып ұсталған соң, ведомство басшылығы жаппай ішкі тексеріс жүргізуге кірісіпті. Әсіресе материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасындағы қызметкерлерден жіті жауап алынып жатыр екен. Бұл туралы КТК хабарлайды.

5b2e3b449e76f91e0721f73a369c2f3d

Фото: almaty.tv

Өйткені дәл осы басқарма бастығының орынбасары Төлеміс Жанқазиев 20 миллион теңге пара алып жатқан жерінде қолға түскен еді.

“Мәліметті мен толық, жан-жақты айта алмаймын. Тергеу жүріп жатыр, тергеудің өзінің құпиялары бар. Көріп жатырсыздар, қасықпен жинаған абыройды, беделді осындай адамдар, қылмыс жасағандар бір күнде төгіп жатыр. Әсері үлкен бізге”, – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров.

Подполковник Жанқазиев әскери бөлімдерге қару-жарақ және түрлі құрылғылар сатып алу мен жөндеу жұмыстарын жүргізу ісін басқарған. Яғни ол Қорғаныс министрлігіне бюджеттен бөлінген қыруар қаржыға тікелей жауапты болыпты. Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілердің мәліметінше, подполковник мемлекеттік тендерді майшелпекке айналдырып алған.

Конкурстық комиссияның төрағасы ретінде кәсіпкерлермен ауыз жаласып, қазына қаржысын ұрлапты. Тіпті арам ойын жүзеге асыру үшін Қорғаныс және Қаржы министрліктерінің өзге де қызметкерлерін тартқан көрінеді. Сондықтан Жанқазиевпен бірге Қорғаныс министрлігінің 5 лауазымды қызметкері мен 4 бизнесменнің қолына да кісен салынды.

Талқылау