Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Лаңкестер кепілге алған автобустың жүргізушісі болған жағдайды баяндап берді

32 жасар Мұрат Исекешов бұл күнді ешқашан ұмытпайды. №1 бағыттағы автобус жүргізушісінің 5 маусымдағы қанды оқиғаның қақ ортасында болуына тура келді.

водитель

Бұл туралы Aktobe News хабарлайды.

“Ол күні әдеттегідей 1-ші бағыт бойынша жұмысқа шықтым. Сағат түскі 13.00-ге таман автобустың қозғалтқышы қыза бастады. Қаланың ескі бөлігінен шағын аудан жағына бара жатқан жолаушылар аз болғандықтан аялдамаларда көп тоқтаған жоқпын. Көліктің қозғалтқышын қарау үшін соңғы аялдамаға асықтым. Көпірден төмен түскен кезде Әлия Молдағұлова даңғылы бойында көлік кептелісінің бар екенін аңғардым да, кішкене Әлияға қарай бұрылдым. Бәрі сол кезде басталды”,— дейді оқиға орын алған сәттерді есіне алған Мұрат.

Осы сәтте көшеде жол полициясы пайда болып, жолды жауып тастаған. Құқық қорғау органдары көліктен атып шығып, лезде атыс басталып кеткен.

“Автобуста отырғандардың айқай-шу мен тарсыл-гүрсілден естері танып қалды. Ал мен қауіпсіздік белдігін ағыта алмай әлек болдым. “Қашыңдар” деп айқайлағаным есімде. Алайда олар еденге жата қалысты” – дейді ол.

Мұрат тұтқиылда не болғанн түсінбей, бірден кондуктор болып жұмыс істейтін әйелін іздеп, аласұрған. Бұл кезде лаңкестер де кіріп үлгерген.

“Көлікті кепілге алғаннан кейін олар жолаушыларды бірден босатты. Келіншегім Айгүл мені де босатуларын сұрады. Бірақ лаңкестер оған қаруларын кезеніп, қашуын талап етті. Менің шекеме автоматты тақап, Тұрғындар қалашығына қарай жүруды бұйырды. Еш тоқтамай, жолда кезіккендердің барлығын баса-көктей алға жүруімді талап етті. Дегенмен мен жолдағыларды айналып өтуге тырыстым. Кей жерде жолдың қарсы бағыттағы көліктерге арналған бөлігіне шығып кетсем, кей жерде тежегішке бастым. Өзімнің өмірім үшін басқаларды өлтіруге құқым жоқ қой”, – дейді автобус жүргізушісі.

Осы сәтте әскери бөлімге жеткен кезде, лаңкестер оған тірі қалу үшін бір ғана мүмкіндік бар екенін айтқан. Ол – бөлімнің қақпасын бұзып кіріп, оларды қоймаған дейін жеткізу.

“Шым-шытырық болып кетті бәрі, бірақ қалай болғанда да лаңкестерге кедергі болуым керек еді. Қақпаны бұзып кіре берген кезде автобустың қозғалтқышын өшірдім. Мұны әдейі жасадым. Қарауылдағылар көріп, қылмыскерлерді әскери бөлімнің ішіне кіргізбейді деп ойладым. Бірақ лаңкестер бірден оқ жаудырды. Автоматтары мен басқа да қарулардан атты. Құлағым естімей, көздерім көрмей, есімнен танып қалдым. “Есікті аш” деген айқайдан кейін жидым есімді”, – деді аласапыран сәтте не болғанын түсінбей қалған Мұрат.

Лаңкестер бөлімнің ауласына қарай жүгірген қарбаласты пайдаланып, Мұрат та сыртқа қарай қашқан. Олар мұның да артынан оқ жаудырыпты. Бірақ, дуалға жасырынып үлгерген де, әрі қарай аялдамаға жеткен. Автобус жүргізушісі содан кейін дәрігерлер тарапынан дұрыс ем көрсетілмегенін, басы әлі де ауыратынын айтады.

“Облыстық жедел жәрдем ауруханасында қабылдауда болдым. Ондағы дәрігерлер қала сыртындағы ауруханаға жіберді. Аталған мекемеде мені қараған ЛОР дәрігері әрі қарай учаскелік дәрігердің бақылауында болатынымды айтты. Қысқаша айтқанда, бір-біріне сілтеді. Менің әлі де басым ауырады, бірақ маған ешқандай ем тағайындаған жоқ. Қазір туған жерім Қобдадамын. Тыныш жағдай мен туыстарымның ортасы қорқынышты сәттерді тез ұмытуыма көмектеседі деп ойлаймын. Толық медициналық тексеруден өткім келеді. Таныстарымның айтуынша, оған 15 мың теңге қажет екен. Жедел түрде мұндай ақшаны табуым керек. Ал “Автопарк” ЖШС басшылығына көп сеніңкіремеймін. Олар материалдық көмектен үміттенбеуімді онсыз да тұспалдап жеткізді”, – деді Мұрат.

5 маусымда лаңкестердің қолына түсіп, тірі қалған жігіттің басынан кешкендері осындай. Мұрат қазір жүйкесі сыр бергенін айтады. Бірақ ешкім қолдау көрсетіп отырған жоқ.

Тағы оқыңыз:

Қазақстан бүгін теракт құрбандарын аза тұтады

Теракті жасауға қатысы бар деп ұсталған күдікті бұрын адам өлтіргені үшін сотталған

Желіде Ақтөбедегі “Паллада” дүкені жанындағы атыстың бейнежазбасы пайда болды (видео)

Талқылау