Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылжарға тасқынның екінші толқыны келе жатыр

Оның зардабы әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Өйткені Ақмола облысындағы шағын өзендер ернеуінен асып, онсыз да тасып жатқан Есілге құйылыпты. Мамырдың алғашқы күндері бұл су Петропавлға жетеді дейді құтқарушылар. Судың бірінші легінің өзі қазір қала шетін басқан, – деп хабарлайды КТК арнасы.

20170406170710

Мұхтар Ермекбаев – Қызылжар ауданындағы Асанов орта мектебінің мұғалімі. Ауданда төтенше жағдай жарияланғалы әріптестерімен бірге су басқан ауылдықтарға көмекке келіп жүр. Себебі, тездетіп бөгет жасамаса, Есіл өзені көшенің арғы бетіне жайылып, үйлерді басып қалатын түрі бар.

“Қазір мектептен келіп, көмек  беріп жатырмыз. Бүгін сабағым  жоқ еді. Келіп көмектесуге келдік”, – дейді Асанов ауылының тұрғыны Мұхтар Ермекбаев.

Қала іргесінде орналасқан бұл ауылда негізінен кәсіпкерлер мен әкім-қаралар тұрады. Бәрі хан сарайындай баспаналарын тастай қашқан. Тіпті осы ауылда тұратын әкімнің өзі түн ортасында зәулім үйін тастап қашыпты. Ширек ғасыр бойы мұндай сұмдықты көрген жоқпыз деген халық «апатқа қалай жол берілді?» деп безілдейді. Оның үстіне үш күннен бері көше кезіп жүрген оларға ешкім көмек қолын да созбапты.

“Су үйге аяқ асты кірді. Шыға алмай қалдық. Тірісіңдер ме деп жағдайымызды сұрап келген де жан болмады. Баспанамызға кіре алмай, көше кезіп жүргенімізге үшінші күн”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Елена Гудим.

Тепличное ауылының тұрғындары көліктерін құрғақ жерге қалдырады. Ал баспаналарына бару үшін мынадай қайықтарға отырып, үйіндегі дүние мүліктері мен судың деңгейін барып көріп келеді. Ал алдағы күндері су деңгейі түседі деп жұртты сабасына шақырып жүрген шенеуніктер бүгін тілшілерді жинап алып, тасқынның екінші толқыны келе жатқанын хабарлады. Айтуларынша, Ақмола облысындағы шағын өзендер ернеуінен тасып, Есілге құйған. Су жолай бәрін шайып, Петропавлды беттеп келе жатыр екен.

“Осы уақытқа дейін 171 үйді су басқан. Қазір әрбір баспана бойынша арнайы құжат дайындалып жатыр. Ешкім  өтемақысыз қалмайды”, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Антон Федяев.

Шенеунік айтқан 171 үй деген тым аз. Өйткені, су басқан Рузаевка, Мичурино, Прибрежное, Заречное, Былғары зауыты ауылдарының әрқайсысында 200-ден астам үй бар. Апаттың көлемін төбеден түсірілген мына кадрлардан-ақ көруге болады. Ал шенеуніктердің кешелі бері суда тұрған үйлердің нақты санын неге айта алмай отырғаны белгісіз.


Жіберіп алмаңыз:
Талқылау