Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалық жігіттің 3 жылдан бергі арманы орындалды 

Қызылордада Конституция күнінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары жаңа пәтерлерінің кілтін алып, қоныс тойын тойлады. Бірнеше жылдан бергі армандары орындалғандардың қатарында қала тұрғыны – Бағдат Қуандықов та бар.

_S5A0142

Жаңа баспанаға қолы жеткен жігіттің қуанышында шек жоқ. Бағдат Қуандықов осыдан 3 жыл бұрын банк салымшысы атанған.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» туралы жақын достарынан естіпті. Алғашында сенбегенін де жасырмайды. «Қажет қаражатты жинау оңай болмайтын шығар деп ойладым. Қолымнан келетініне күмән тудырғаным да рас. Бірақ, әр айлықтан салым жасап отырдым. Нәтижесінде пәтер алуыма жететін қаражат жиналды. Қатты қуанып тұрмын», – дейді ол.

Бағдат теміржол саласында еңбек етеді. 10 жылдан астам еңбек өтілі бар. Осы уақытқа дейін Қызылордадан пәтер жалдап тұрып келіпті. «Қазіргі күнде пәтер жалдап тұру өте қиын. Кез-келген адамның қалтасы көтере бермейді. Маған да оңай болған жоқ. Бүгін міне, сол қиындық артты қалды. Жаңа пәтерде жаңа өмір бастаймын» – дейді жігіт ағасы.

Енді Бағдат 2 бөлмелі пәтердің иесі. Әлі отбасын құрмаған. Армандаған баспанаға қол жеткеннен кейін, өзі армандаған жанды жарға айналдыру жөнінде жаңа жоспар құра бастады.

Талқылау