Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалық зағип музыкант өзінің ән студиясын ашуды армандайды

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының тумасы Еркін Нарымбетовты мұндағы жұртшылық жақсы таниды. Өңірде ұйымдастырылатын мерекелік шараларда өнер көрсетіп, талантымен талайды таңдай қақтырады. Екі көзінен айырылса да, тағдырына мойымаған азаматтың өмірге құштарлығы зор.

DSC_0008-2Еркін Нарымбетов биыл қамал алатын 40 жасқа толды. Бала кезінен көру қабілетінен айырылған азамат өмірін музыкаға арнаған. Бесінші сыныптан кейін мүлдем оқымаған ол өз бетімен музыкалық аспаптардың тілін меңгеріпті. Бүгінде жарымжан жан домбыра мен гитарада, синтезатор мен фортепианода еркін ойнайды.

«Әрине, көзімнің көрмегені жұмысыма көп кедергі тудырады. Кейде ән жазылған дискілерді шатастырып алып жатамын. Бірақ саусақтарым өте сезімтал. Сол себептен де қаптамалардың сыртына белгі салып қоямын. Сол арқылы өзіме қажеттісін тауып аламын», – дейді ол.

Қос жанарының жарығы сөнгеніне қарамастан, Еркін өзін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатарына қоспайды. Өздігінен қозғалып жүре алады.  Мекемелерден тапсырыстар қабылдап, сапалы дүниелер жасап береді. Тіпті ұялы телефонды пайдаланып, ғаламтордан қажетті ақпаратын алуды да үйренген.

Қазір Еркін Нарымбетов шәкірт тәрбиелеумен айналысып жүр.  Домбыра тартуды үйренгісі келетін, өнер әлеміне қадам басуды мақсат ететін жеткіншектерге қолдау көрсетеді. Білгенін үйретуден жалықпайды. Еркіннен тәлім алып жүрген талапты жастардың бірі – Жадыра Әбузар. Келешекте эстрада жұлдызы болуды армандайтын Жадыра, күнделікті сабақтан қалмай, ән салуға машықтанып жүр.

DSC_0019-2«Еркін ағайдың тәжірибесі мол. Соған сәйкес талабы да зор. Түрлі жарыстарға қатысып жүрміз. Тиянақты дайындалудың арқасында жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Ұстазым менің болашағыма сенеді. Болашақта ұстазымның үкілеген үмітін ақтауға тырысамын», – дейді жас өрен.

Жадырадан бөлек Еркін Нарымбетов «Әдемі-ай» триосына да жетекшілік етеді. Қыздардың әндерін сапалы етіп жазып береді.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет қолдауының арқасында музыкалық аспаптарымды жаңалап алған болатынмын. Қазір оқушыларымды үйде оқытып жүрмін. Бұл, әрине, бірқатар қиындықтар туғызуда. Сол себепті өзімнің жеке ән студиямды ашуды армандаймын. Қарамағыма бір-екі музыкантты алып, олардың жұмыспен қамтылуына үлесімді қосар едім», – дейді Еркін.

Алдағы мақсаттарымен бөліскен Еркіннің жоспарлары өте ауқымды. Өмірдің сынағына шыдас беріп, кейінге із қалдыруды мақсат етеді.

Талқылау