Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалық салымшылар Құрылыс жинақ банкінің төрағасымен кездесіп, тұщымды жауаптар алды

Жергілікті банк салымшыларымен жеке кездесу мақсатында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Айбатыр Жұмағұлов Қызылорда облысына ат басын тіреді. Кездесуге келген әр қарапайым салымшы, өз сұрағына тұщымды жауап алып, риза болып қайтты.

7777

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Банктың бүгінде даму қарқыны жақсы. Жыл сайын сенім артып, баспаналы болып жатқан жанұялар аз емес. Банк тарапынан қарастырылып жатқан жеңілдіктер мен акциялар көпшіліктің көңілінен шығуда. Оның ішінде «Өз үйім» бағдарламасы қаржылық дағдарыс кезінде халыққа жақсы демеу болды. Осының бәрін өз салымшыларына жеткізу үшін, Айбатыр Жұмағұлов кездесу барысында кеңінен көсілді. Алдымен аталмыш бастаманың мақсат-міндеттері туралы айтып берді.

“Өз үйім” бағдарламасы мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Салымшыларымызды жайлы да арзан баспанамен қамтамасыз ету үшін Банк өз күшімен “Өз үйім” бағдарламасын бастаған еді. Нәтижесі тамаша. Ал Қызылорда облысы ең бірінші болып жүзеге асыра білді”, – деп ағынан жарылды, төраға.

6666

Банк салымшылары алғашында ұяңдық танытып, кібіртіктеп тұрса да, төрағаның өздері сияқты қарапайым жан екенін бірден түсініп, сұрақтарды қарша бората бастады. Тіпті мәселесін сол жерде шешіп, пәтер алып кеткісі келгендер де болды.

“Мен “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” арқылы 3 бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Отбасымызбен бірнеше жыл бойы банкке салым салып келдік. Кейіннен несие берді. Пайызы жоғары емес. Алғыс айтамын. Қуанышымда шек жоқ”, – деп, қала тұрғыны Ақерке Әуесханова көңілдегісін бір ақтарса, келесі салымшы Гүлмира Ибраева “Банкке салым салып жүрмін. Жаңадан алатын пәтерімнің жарты бағасын жинасам арманым орындалады. Өзім “Ана мен бала” орталығында медбике болып қызмет жасаймын. Сәтін салса, жұмысымнан жанынан салынып жатқан үйлердің бірінен пәтер алмақпын. Осындай мүмкіндік беріп жатқан банк басшыларына алғысымды айтамын”, – деді.

5555

Салымшы болмаса да, көппен бірге қызығып келген тұрғын Амангелді Иса, банкте салым жинамай-ақ, пәтер алуға неге болмайды деп сұрақты төтесінен қойды. Кепілге қоятын басқа үйі де бар екен. Алайда, Айбатыр Жұмағұлов, құрылыс жинақ жүйесінің басты қағидасы, депозит ашып, салым жинау екендігін өзіне тән биязылықпен ескертіп, салым жинауға кеңес берді. Онсыз, пулға қатысу конкурсынан өту мүмкін емес. Ал пулдың жеңімпаздарын банк қызметкерлері, я басшысы емес, тек компьютерлік бағдарлама анықтайды.

Жалпы, кездесу барысында салымшылардың толғандырып жүрген сұрақтары көптеген сұрақтары ашылды. Өтемақы, мемлекеттік бағдарламадан үй алып алып, қайтадан қатысу мүмкіндігін сұрағандар болды. Төраға өтемақының “Өз үйім” бағдарламасына қатысқандарға шектелмейтінін, тек мемлекеттік бағдарлама қатысушыларына ғана төленбейтінін жеткізіп, салымшыларын бір қуантты. Сонымен қатар, қызмет көрсету сапасындағы біраз жағымды өзгерістер тілге тиек болды.

“Қазір техника дамыған заман. Барлығымыз күнделікті интернет пайдаланып жүрміз. Сол себептен де банк қызметін электронды пайдалану тақырыбы қозғалып жатыр. Барынша салымшыларға қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Бұрынғыдай кезек күтіп, қағазбастылықтан арылатын уақыт келді”, – деді Айбатыр Жұмағұлов.

Шара соңында кездесуге келгендер банк жұмысына сәттілік тілеп тарқасты.

Талқылау