Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалық хирургтар адам ішінен шыққан заттарды көрсетіп таң қалдырды

Бұл коллекция бұрынғы коллекциялардан өзгерек. Себебі мұнда адамның ағзасына мұрын, тамақ пен құлақ арқылы кіріп кеткен түрлі заттар қойылған. Қарапайым, түймеден бастап тиынға дейін бар. Тіпті, талдың бұтағы да кездеседі.

0S5A0839

Бұл туралы Stan.kz сайтының Қызылордадағы тілшісі хабарлайды.

Хирургия бөлімшесінің лор-дәрігері Ербол Бисенов коллекция ұдайы толығып отыратынын айтады. Қазір мұнда 100-ден астам зат бар. Күнделікті маманның қарауына 10-ға жуық науқас келеді екен. Басым көпшілігі жасөспірім балалар. Ойнап отырып, мұрнына, тамағы мен құлағына түрлі заттарды кіргізіп алатындар жетерлік.

0S5A0823

«Коллекцияда бәрі бар. Жеткіншектер көп жағдайда тиын жұтып қойып жатады. Моншақтарды мұрнына кіргізіп алады. Нәтижесінде тыныс алу мүшелері бітеліп, науқастың жағдайы нашарлана түседі. Бұл жағдайда біз оларға жедел көмек көрсетуге тырысамыз. Ол ағзадан алынған затты коллекцияға қосып қоямыз», – дейді дәрігер.

0S5A0817

Түйме, ине, шеміке, ағаш, түйреуіш. Бұл коллекцияда жиі кездесетін дүниелер. Ең қызығы дәрігерлердің көмегіне ересек адамдар да жиі жүгінеді екен. Темір шұрыптары, автокөлік бонттары өңешіне кетіп қалатындар баршылық. Ал, темір тордың арғы жағына тоғытылғандардың арасында қасық пен шеге жұтып қою жиі қайталанатын құбылыс. Кей-кезде дәрігерлер күрделі оталарды да жасап жатады. Бұл ретте, мамандардың біліктілігі басты рөл атқарады.

0S5A0848

Осыдан біршама уақыт бұрын қала тұрғыны Ләззат Асымбайдың ұлы ауруханада ем алып шықты. 11 жасар жеткіншек абайсызда құлағына ойыншық тапаншаның оғын кіргізіп алған. Нәтижесінде есту мүшесі іріңдеп, дәрігерлердің көмегі қажет болыпты.

«Бұл сұмдық жағдайды ешқашан ұмытпайтын шығармын. Балам қатты ауырсыңды. Сол оқиғадан кейін оны ұдайы аңдып отырамын. Перзенттерімізді бақылаусыз қалдырмайық», – дейді жас ана.

Алайда, қанша ескерту жасалғанымен, перзенттеріне немқұрайлы қарайтындар көп. Дәрігерлер баланың ағзасына бөгде зат кіріп кетсе, дереу дәрігерге жеткізу керектігін айтады.

Талқылау