Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада отасқандарына он жыл болған жұптың жетінші сәбиі дүниеге келді

Қызылорда облысы Тасбөгет кентінде тұратын Көздібаевтар әулетінің қатары тағы бір жанға толықты. Жасы әлі отызға жетпеген Динара Аяжан есімді жетінші нәрестесін құшағына алды.

22674993

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Үлкен өмірге 17 жасында қадам басқан Динара – бүгінде Әбдінұр, Жансезім, Рүстем, Жаннұр, Дамир, Аружан, Аяжан есімді балақайлардың анасы.

«Жолдасым Ринат екеуміздің отау құрғанымызға биыл 10 жыл толады. Ата-енемізбен бірге 11 жан бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Балаларымның санын айтып ешқашан көпсінген емеспін. Лайым, Құдайым көп көрмесін», – дейді ол.

Динараның үлкен енесі дүниеден озар алдында босағадан жаңа аттаған жас келініне ырым етіп, өзінің күміс алқасын сыйға тартқан. Өмірінде 9 құрсақ көтеріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әже «жолымды берсін» деп бата берген.

Келінінің де сол жолды жалғап келе жатқанын енесі Кабира ризашылықпен айтты.

«Құдайдың бермегенін тартып ала алмайсың» деген. Мен бір бала ғана сүйген жанмын. Есесіне, Құдайға шүкір, жалғыз баламнан тараған немерелерімнің қызығына тоймай келемін. Үлкен енем сырқаттанып, фәни дүниеден өтер алдында немересі Ринатты үйлендіріп, келініне өз қолымен күміс алқасын бергені бар еді. Динара әжесінің сол үмітін ақтады», – деді Кабира апа.

Жас ана бала саның 10-ға жеткізу ойында бар екенін де жасырмайды.

Талқылау