Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мұғалімдер такси жүргізушісі болып күн көріп жүр

Ұстаз – ұлы тұлға. Қоғамда жауапты қызмет атқаратын жандарға жүктелетін міндеттің салмағы да ауыр. Алайда, соңғы уақытта мұғалімдерге қатысты сан түрлі пікірлер айтылып, оларға деген көзқарас өзгеріп келе жатқаны жасырын емес. Соған қарамастан ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін педагогтардың мәселесі қашанда басты назарда болуы қажет.

муғалім2

Бұл туралы STAN.KZ сайтының өңірлегі тілшісі хабарлайды.

Қызылорда күн санап көркейіп-гүлденіп, үлкейіп келе жатқан шаһар. Сәйкесінше, халықтың саны көбейіп, қалада жүретін көліктердің қатары артты. Әсіресе, көпшілікке қызметін ұсынатын таксишілер өте көп. Қаржы дағдарысы салқынын тигізсе керек, тұрақты жұмысы болса да темір тұлпарды тізгіндейтіндер жетерлік. Қосымша қаражат тауып жүргендердің қатарында мұғалімдер де жоқ емес.

Мектептен тыс уақытта такси айдайтындардың арасында нәзік жандылар кездескенімен, басым көпшілігі ер азаматтар. «Дене тәрбиесі», «Еңбекке баулу», «Алғашқы әскери дайындық» пәндерінен беретін педагогтардың көбісі бос уақыттарында жолаушылар тасымалымен айналысатын көрінеді. Бұл жағдайға қарапайым оқушылардың көзқарасы қандай? Осы мақсатта жеткіншектер арасында әлеуметтік-сауалнама жүргізген едік.

Айгерім, 6-сынып оқушысы: Анаммен бірге базарға баратын болып, таксиге мінген едік. Қарасам, географиядан беретін ағай машинаны айдап отыр екен. Жеткенше үндемей отырдым. Ұстазымның да қысылғаны байқалды. Сыныптастарыма айтып едім, олар да ағайдың адам тасып, ақша тауып жүргенін көргендерін айтты.

Мақсат, 8-сынып оқушысы: Мектептен шыққанда ағайларымыздың «Такси» деген белгілерін қойып жатқанын көреміз. Бірақ, соған бола өз басым көзқарасымды өзгертпеймін. Ұстаздар да адам ғой. Бәріне ақша керек.

Шылауынбек Әбілдаев Қызылорда қаласындағы №10 мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. «Дене тәрбиесі» пәнінен сабақ беретін ұстаздың 15 жылдық тәжірибесі бар.

муғалім

«Жұмысым түстен кейін. Сол себептен таңғы және кешкі  уақытта такси жүргіземін. Ақша артық болмайтыны белгілі. Күніне шамамен 2000-3000 теңге көлемінде табамын. Отбасымның қажетіне жұмсауға жетеді. Қазір мына заманда бір жалақыға қарап отыру әрине қиын», – дейді ұстаз.

Шылауынбек Әбілдаев күнделікті қарбалас тіршілік арасында сабаққа жақсы дайындалып баруға тырысатынын айтады. Бастапқыда шәкірттерінен қысылғанын да жасырмайды. Алайда, нарық кезінде дүниеге келген оқушылары түсіністікпен қарайтынын жеткзді.

«Менің ойымша, адам қолынан келсе кәсіп жасауы керек. Мен секілді  бос уақытында таксиші қызметін атқаратын әріптестерім өте көп. Өзім жұмыс жасайтын мектептің өзінде бірнешеуі бар»,- деді педагог.

Қарамағындағы қызметкерлерінің қосымша жұмыспен айналысуына мектеп директорлары да қарсылық білдірмейтінін айтады. Негізгі жұмысына үлгеріп, сабағын сапалы жүргізгенін қадағалайды.

 

Талқылау