Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада есту қабілетінен айрылған балалар ансамблі жұртты таң қалдыруда

Көпшілікті талантымен тамсандырып жүрген «Балауса» балалар ансамблінің құрылғанына биыл үш жыл толады. Мұндағы өнерпаздардың ерекшелігі олар – мүлдем естімейді. Табиғат заңдылығына қарамастан, жігерлері мұқалмаған жандар сахнада сәтті өнер көрсетіп жүр.

IMG-20160204-WA0002  STAN.KZ сайтының өңірдегі тілшісі “Балауса” ансамблінің  өнерін тамашалап қайтқан еді

«Балауса» ансамблінің өнерпаздары Қызылордада №6 мектеп-инернатта оқиды. Құлағы естімейтін балаларға арналған білім ордасында «Ән» үйірмесі жұмыс істейді. Бұл өрендер үшін арнайы есту құрылғыларының көмегі зор. Одан бөлек дефектолог мамандар да шаршамай-талмай оқушыларға тәлім береді. Ансамбль мүшелері бірнеше аспаптарда еркін ойнайды. Оның ішінде сазсырнай, ұрмалы аспаптар, шаңқобыз бен домбыраның үндері өзара үйлесім тауып, әдемі әуен дүниеге келеді.

IMG-20160204-WA0005

Қазір Балаусалықтардың репертуарында 5-ке жуық туынды бар. Әсіресе, халық күйлерін нақышына келтіре орындағанда, тыңдағанның құлақ құрышы қанады.

«Балауса» ансамблінің мүшелерінің бірі Айжана Оралбай домбыра тартады. 12 жасар жеткіншектің туғаннан құлағы естімейді. Соған қарамастан оның жігері мұқалған емес. Қазақтың ұлттық аспабында ойнаумен қатар, ымдап өлең айтудан алдына жан салмайды.

«Туғаннан құлағым естімейді. Бірақ музыканы жүрегіммен сезінуге тырысамын. Өнер маған күш-қуат береді. Соның арқасында өмірге деген құлшынысым артады», – дейді талантты оқушы.

IMG-20160204-WA0007

Айта кету керек, «Балауса» республика бойынша құлағы естімейтін балалардан құралған жалғыз ансамбль. Қызылордадан басқа облыста мұндай ерекше өнер ұжымы жоқ. Құрылғанына бірнеше жыл болғанына қарамастан жас өнерпаздардың жеткен жетістіктері жетерлік. Көптеген сайыстарда топ жарып, Түркияда өткен додада бақтарын сынап қайтты. Қазір үйірме жетекшілері ансамблге жаңадан қосылған жеткіншектерді тәрбиелеуде. Биылғы жылы да ұйымдастырылатын сайыстарға қатысып, жүлделі болуды көздеп отыр.

 

Талқылау