Қызылордада арнайы зерттеу барысында қайыршы болып киінген жігіттің бір күні
Бұл жігіттің есімі – Бақытжан Құрманбек. Болашақ актер. Қазірдің өзінде театралдық қойылымдардың түрлі рөлдерін сомдап жүрген жігітке бір күн қайыршы кейпін киіп, көшеде жүруін өтіндік. Қысыла келіскен жігітпен жасалған зерттеуімізді назарларыңызға ұсынамыз.
Зерттеуді Stan.kz сайтының Қызылордадағы тілшісі жүргізген болатын.
Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы «Өнер» бөлімінің 3-курсында білім алып жатқан Бақытжанды алдымен студиямызда түсірдік. Шұрық-тесігі шыққан киім бозбалаға жараса қалды. Ең қиыны осы түрімен көшеге шығып, таксиге міну болды. Бірақ өзін қайраған студент базарға қарай бет алды. Қызылордадағы «Ескі базар» қайыршылардың көп жүретін жері. Көп ұзамай, қайыр сұрап күн көріп жүрген азаматтың жанына барып жайғастырдық. Қолындағы нанынан қасындағы көршісіне үзіп берді. «Нанымды рахмет деп алғанына қарамастан, ол кісі мені жақтырмады. Ақшаны оған емес, маған беріп кететіндерді көргенде ренішін білдірді», – дейді Бақытжан.
Мұнан соң, Бақытжанмен ілесіп Қорқыт ата мемориалды кешеніне қарай ілестік. Мұнда көлік жүргізушілерінен ақша сұрап жүрген қайыршының қасына қосылды. Жанынан қуса да, болашақ актер кетпеді. Шыдамы таусылған қайыршы өзі қашып кетті. Осы уақыт аралығында рөлге кіріп үлгерген Бақытжан тәжік әйелдің жанына көпірге барып жайғасты. «Бәсекелесіне» қуанбаған ол «кет» деумен болыпты. «Бұл кісі өз кәсібін әбден меңгеріп алған екен. Жанымыздан өткендердің барлығы ақшасын соған тастап кетіп жатты. Қай тілде екенін білмеймін рахметін айтып жатты. Ал маған балағат сөздерін жаудырып, айналасынан қуды», – дейді болашақ актер.
Бірнеше сағат көше кезген Бақытжан бір мезетте бірнеше сезімді басынан өткергенін айтады. Қатты ұялып-қысылғанын жеткізді. «Қайыршыларға көпшілік жеккөрінішті көздерімен қарайды. Кішкентай балалар тіпті қатты қорқады екен. Бірақ, олардан қоғамға келетін қауіп жоқ екенін түсіндім. Қайыршылар да қарапайым адамдар. Жай ғана олардың тағдырлар басқаша», – дейді Бақытжан.
Бұрын-соңды көпшіліктен Қызылордадағы қайыршылар территорияға таласады дегенді естуші едік. Бүгін осы ақпараттың қаншалықты рас екенін білу үшін арнайы зерттеу жасап көрдік Расымен, жұрттан тиын сұрап күн көретіндер айналасына басқа жарымжанның отырғанын қаламайтынына көз жеткіздік. Ал, болашақ актер Бақытжан бүгінгі сомдаған рөлін өмір бойы ұмытпайтынын айтты.