Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада 6 рет ота жасатқан жас ана ауруханада көз жұмды

Бір жарым ай ішінде 6 рет пышақ астына түскен жас ана ауруханада көз жұмды. Марқұмның әке-шешесі бұл жағдайға дәрігерлерді кінәлап отыр. Өйткені қыздары Алтынай Ташимова Сырдария аудандық перзентханасында босанып, торсықтай ұлды дүниеге әкелген соң денсаулығы күрт нашарлаған.

Қайғы жамылған отбасы мүшелерінің сөзінше, сол кезде Алтынайдың қасынан бірде-бір дәрігер табылмапты. Перзентхана қызметкерлерінің барлығы сол күні “медицина қызметкері” күнін тойлап жүрген екен. Ақ халаттылар мейрамдатып жүргенде, жас босанған анадан көп қан кетіп, есінен танып қалыпты. Ал дәрігерлердің айтар уәжі басқа”, – деп хабарлайды Евразия бірінші арнасы.

Қайғыдан қан жұтқан ата-ана немересі дүниеге келіп қуанғанмен, оның соңы осындай жағдаймен бітеді деп ойлаған жоқ. Бәрі өткен жылдың жазында басталыпты. Айы-күні келіп, Алтынай Ташимова аудандық перзентханаға жатып, бір тәуліктен соң босанады. Алайда келіншектің жақындарының сөзінше, медицина күнін тойлауға асыққан дәрігерлер болашақ ананың денсаулығын ойламастан тезірек босандыруды ойлаған.

«Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бар екен, ондай толғақты күшейтетін дәрілер кешке таман салынбайды. Өйткені аналар ұйықтап кетуі мүмкін толғақтан, қалғып кетуі мүмкін. Бұл оның өміріне қауіп төндіретін болған. Бірақ, дәрігер-гинеколог Жаңабергенова осыны салған» – марқұмның әкесі Марат Ташимов.

Сол дәрінің көмегімен Алтынай жарты сағаттан соң босаныпты. Бірақ көп уақыт өтпей жас анадан қан кете бастайды. Дер кезінде орнынан табылмаған ақ халаттылар, келіншекке тек түн ортасында ғана ота жасауға кіріседі. 25 минут ішінде екі операция жасап, соңында Алтынайдың жатырын алып тастайды. Денсаулығы жақсармаған соң, амалсыздан облыс орталығына жібереді. Ал Қызылорда қаласында 4 рет жасалған отаны көтере алмаған Алтынай Ташимова жан тапсырады. Осы іске қатысы бар деген аудандық перзентхананың екі қызметкері бүгін сот алдында жауап беруде. Ал облыстық медицина орталығының дәрігерлері іс бойынша тек куә ретінде өтіп жатыр.

«Сепсиздің барлығы осындай полиорган жетіспеушілігіне алып келді. Содан осындай қайғылы жағдайға әкеліп жатыр. Өкінішке орай біз болницада науқастардың барлығына бірей көмектесе алмаймыз» – Қызылорда облыстық медицина орталығы директорының орынбасары Нұраддин Амитов.

Қазір Сырдария аудандық перзентханасы тексерулерден кейін жабық тұр. Себебі бұл онда жұмыс істеген ақ халаттылардың жіберіп отырған бірінші ағаттығы емес. Тереңөзек кентінің тұрғыны Баян Сүйіндікованың да денсаулығы осында босанғаннан кейін күрт нашарлаған. Жас ананың туыстары ауыр халде жатқан қыздарын облыс орталығына апарыпты.

«Ана мен балаға апарды мені. Сол жақта ауруханаға түсіппін. Бірақ ол не жасағанын ол жақта да білген жоқпын. Бапанов деген дәрігер ішімнен дәке алыпты» -дейді Тереңөзек кентінің тұрғыны Баян Сүйіндікова.

Ал, Алтынайдың жақындары марқұмның өліміне кінәлілер заңмен жауапқа тартылсын дегенді айтады. Қайғы жұтқан отбасы аудандық дәрігерлер ғана емес, облыс орталығында 4 ота жасап, нақты диагнозын тек бақилық болғанда ғана анықтаған біліксіз мамандар да жазасын алады деп үміттенеді.

Тағы да оқыңыз:

Астанада түрме қызметкері өзіне қол салды

Бүйрек ауыстырған қыздың анасы: Жәмила ауырып жатқанда бейтаныс әжей келіп батасын беріп кеткен еді

Тез танылған Қуандық Рахым 1 жыл ішінде ата-анасына зәулім үй алып берген

Талқылау