Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында оқушылар бұрынғы қойманың ғимаратында оқып жатыр

Қызылорда облысында оқушылар бұрынғы қойманың ғимаратында оқып жатыр. Әу баста мектеп болып салынбағандықтан, мекеме пешпен жылытылады. Ал қара түтін шығатын сыныптарда оқып жатқан балаларымыз аурушаң болып бітті дейді ата-аналар.

школа

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Оның үстіне, кейде ошаққа от жағып отырған білім ұясы мүлде жылымай, оқушылар салқын күндері суық тиіп, ауырып шығады екен.

Бірлік ауылындағы апатты жағдайда тұрған мектеп кезінде ауылдың қоймасы болған екен. Отыз жылдай уақыт бұрын салынған білім ұясында бүгінде 140-қа жуық оқушы білім алады. Ал ата-аналар тозып тұрған бұл мектептен балаларымыз зардап шегіп жатыр дейді. Айтуларынша орталық жылу жүйесі жоқ мектепті көмірмен жылытатын көрінеді. Алайда ескі мектеп жылу қонбай, салдарынан оқушылар түрлі ауруларға шалдығатын екен.

«Мектеп құлағалы тұр,ішін қанша ремонттағанымен қалпына келмейді.Ауру тауып жатыр балаларымыз. Қыстай киіммен отырады. Жазулары да қиын болып тұр. Науқастанып келеді. Қыстай укол алып жатады. Оған дәрігерлер де куә»,-дейді ауыл тұрғыны Күлбазар Пірімжанова.

Апатты мектептің балаларға орасан зор зиянын тигізіп жатқанын мұғалімдер де мойындайды. Олар осы мәселеге қатысты талай жерге шағымданғанымызбен, әлі күнге нәтиже болмай отыр дейді.

«Әкімшіліктің тарапынан тамыз айында салынады деді,қараша айында салынады деді,одан кейін кеше ақпан айында басталады деді. Бір жарым жыл уақыт өтті. Ешқандай нәтиже жоқ бұдан»,- Тарих пәнінің мұғалімі Бақыткүл Жұбаниязова.

Ал мектеп директоры білім ұясының әбден ескіріп тұрғанын жасырмайды. Алайда мектеп апатты жағдайда тұрғанымен балалар өміріне ешқандай қауіп жоқ деп отыр.

«Балаларға қауіп жоқ. Тек шатырын ауыстырып жіберсе,іргетасын бәрін көріп тұрсыздар ғой. Шатырын ауыстырса,былайынша оқуға болады әлі»,- №102 мектептің директоры Ерік Өмірзақов.

Аудандық білім бөліміндегілер Бірлік ауылына биылдан қалмай жаңа мектеп бой көтереді деп уәде берді. Ал құрғақ уәдеден шаршаған ауылдықтардың арманы жайлы да жылы білім ұясы.

Талқылау