Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордалықтар сот педофил деп тапқан ауылдастарын абқтыдан босатуды талап етуде

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Тәжібаев ауылы тұрғындары ауылдастарының жазықсыз қамауға алынғанына сенімді. Мыңға жуық адам ауылдстарына кінәсіз айып тағылып, жазықсыз үкім кесілгенін айтады. Ашынған ауыл халқының мұңын stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі тыңдап қайтқан еді.

педофил1
Тақырыпты тарқатып айтсақ. Өткен жылдың жазында Тәжібаев ауылының 12 жасар мектеп оқушысына белгісіз азамат тиісіп, анайы қылық көрсеткен. Қылмыскердің қолынан сытылып шыққан жеткіншек бұл жөнінде анасына айтып беріпті. Іске ересектер араласып, орын алған жағдай жөнінде құқық қорғау органдарына хабар берген.

педофил4

Тергеу амалдары жүргізіліп, нәтижесінде 1980 жылы дүниеге келген Абай Телжанов күдікті ретінде қамауға алынады. Кейін қыркүйек айында Қызылорда облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жігіттің ісі қаралды. Сот отырысы бірнеше сағатқа созылып, нәтижесінде күдікті 6 жылға сотталып кетті.

педофил2

«Баламның педофил атанып кеткені жаныма батады. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым. Жүрегім ауырады. Ұлым өте тұйық, мінезі ұяң жігіт. Оның мұндай арсыз әрекетке барғанына сенбеймін. Тіпті Абайды сол уақытта басқа жерде болғанын көргендер де бар. Бірақ сот куәгерлердің сөзіне құлақ аспады», – деп зар илейді сотталушының анасы Райхан Тұяқбаева.

Расымен, қылмыс орын алған күні Абайды басқа жерде көргендер де болыпты.

педофил3

«Абай Телжановтың кінәсіз екеніне толықтай сенімдімін. Өйткені ол сол күні менің үйімнің жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сылақ сылап, үйдің қабырғасын бояды. Кеш батқанда автобусқа мініп, өз ауылына қайтқанын көрдім. Күндіз Тәжібаев ауылында болуы мүмкін емес», – дейді Махамбет Жұмабаев есімді ауыл тұрғыны.

Абай Телжановтың құқығын қорғау үшін ауылдастары адвокатты Астанадан алдыртыпты. Елімізге танымал қорғаушы Елеусіз Тұрсынов тергеушілердің жұмысында шикілік көп екенін айтады. Істі тездетіп жаба салудың амалы жасалғанға ұқсайтынын жеткізді.

«Мен үкім шыққаннан кейін апеляциялық сотқа да, кассациялық сотқа да шағым жаздым. Жаңадан табылған куәгерлерім тыңдалған да жоқ. Қызылордалық соттардың әрекеті мен үшін түсініксіз. Тек бір адамның берген куәсіне қарап, адамды 6 жылға соттап жіберу деген түсініксіз жағдай. Бар үмітім жоғары сотта болып отыр. Мұндағылар әділетті орнатуға көмектеседі деп ойлаймын. Кінәсіз жан түрмеден босатылып шыққанша күресеміз», – дейді қорғаушы.

Қазіргі таңда жәбірленген оқушы қыз 6 сыныпта оқиды. Мектеп психологтары жасөспірімді өз қадағалауларына алған.

«Айыпты үкім шығарарда істі жан-жақты таразыладым. Жәбір көрген қыз күдіктіні танып тұр. Ең басты куәгер сол. Оның сөзіне сенбеуге еш негіз жоқ», – дейді сот төрағасы.

Қазір Абай Телжанов Ақтөбедегі абақтыда өз мерзімін өтеуде. Ал, туған жерінде жылап-еңіреп қалған анасы мен туыстары, ауылдастары көп ұзамай оның ақталып шығуын күтеді.

Талқылау