Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызметкерлерін балағаттап аты шыққан басшының басы тағы дауға қалды

 Көлік бақылау инспекциясының қызметкерлері жаңадан тағайындалған басшыларының жұмыстан кетуін талап етіп отыр. Ашынған жұрттың айтуларынша, Манас Орынбасаров қызметкерлерін балағаттап, қарсы келгендерін жұмыстан қуатын көрінеді. Бірақ директордың өзі мұны «арандатушылық» деп отыр. Алайда ол мұндай дауға бірінші рет ілігіп отырған жоқ,-деп жазды КТК арнасы.

зұлым-бастық

Астана қалалық көлік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің былтыр қараша айынан бастап мазасы қашқан. Өйткені «жаңа басшы келгелі жұмыс істеу мүмкін емес» дейді олар. Айтуларынша, Манас Орынбасаров мекемеде өз тәртібін орнатып, қол астындағы қыздарды жылатуға дейін барады екен.

« Орынбасаров келгелі қудалау басталды. Қысым көрсетіп, бәрімізді аңдиды. «Жұмыстан өз еркіңмен шық немесе оңбайсың»-деп айтады. Заңсыз талаптар қояды. Бас тартсаң бәлеге қаласың»,-дейді астана қалалық көлік бақылау инспекциясының бөлім маманы Марат Әбілов.

Содан болса керек, қазірдің өзінде бес адам өз еркімен жұмыстан шыққан. Ал оның орнына Орынбасаров өз адамдарын шақыратын көрінеді.
«Ол жұмысқа бұрын бірге істегендер мен жерлестерін ғана алады. Ол аздай, сол басшының адамдары мемлекеттік қызметкер сияқты болып жүрмейді. Жұмысқа қалаған уақытында келіп-кетеді. Директордың атын жамылып, бізге бұйрық береді»,-дейді Астана қалалық көлік бақылау инспекциясының бөлім маманы Ерхан Қадышев

Ал жаңа басшы жұмысқа алған сол қызметкерлер шетінен парамен ұсталып жатыр дейді ашынған жұрт. Мәселен, біреуі жүк көлігін тексеретін бекетте 500 мың теңге алып жатқан жерінен ұсталса, екіншісі 10 мыңды қалтаға басқанда қолына кісен салынған. Бірақ бұл жағдай Орынбасаровқа еш әсер етпеген көрінеді. Өзі болса, бірінші кезекте сол парамен күресіп, былыққа батқан мекемені тәртіпке келтіруді мықтап қолға алғанын айтады.

«Мамандардың барлығы көп жылдар бойы бірге істеген. Тағайындалғаныма 7-8 ай ғана болды. Айтып жатқандай, алып келіп жатқан өз адамдарым жоқ. Барлығы конкурспен комиссияның шешімімен қабылданып жатыр»,-дейді Астана қалалық көлік бақылау инспекциясының басшысы Манас Орынбасаров

Жалпы, Манас Орынбасаровтың бірінші рет басы дауға қалып отырған жоқ. Осыдан бес жыл бұрын Ақтөбеде бас эколог қызметін атқарғанда тура осындай жағдай үшін қол астындағылары шу шығарып, басшыларын орнынан қуып тынған еді.
Енді бұл жолы көлік бақылау инспекциясының қызметкерлері Орынбасаровтың жұмыстан кетуін талап етіп отыр. Тіпті, Инвеститциялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке арыз жазып, тәртіп орнатуды сұраған. Егер бұлай болмаса, әбден қорлық көрген жұмысшылар өз еркімен жаппай жұмыстан кетуге әзір.

Талқылау