Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Құтқарушылар жұмыс уақытымыз бітті деп суға түспеді": Астана тұрғыны күйеуінің суға батып кеткенін айтып жылады

Елордада суға кеткен ер адамның денесі әлі табылмай жатыр. Есіл өзеніне екі досымен бірге балық аулауға барып, солардың көз алдында батқан 29 жастағы Әзиз Қозыбаевты сүңгуірлер бес тәуліктен бері шарқ ұрып іздегендерімен, әзірге еш нәтиже жоқ.

Алайда екі ұлымын жалғыз қалған оның әйелінің іздеу жұмыстарына көңілдері толмай отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 

"Ешкім, ешқайсысы жаны ашып іздеп жатқан жоқ. Екі кішкентай баласы бар. Екеуі қатты жақсы көреді әкелерін. Бізге әкелерін тауып берсінші! Менен әкелерін қайта-қайта сұрап жатыр", - деді әйелі Ақмарал Қозыбаева. 

3 мамыр күні кешкі сағат алтылар шамасында Әзиз Қозыбаев екі досымен Есіл өзеніне балық аулауға кетіпті. Көпірдің үстіне шыққан сыныптасы мен жан жолдасы суға қармақтарын лақтырса, Әзиз ау салған. Алайда тор судың астанда ілініп қалып, оны қайта тартып алып шыға алмаған. Сөйтіп, жағадағы өзге балықшылардың үрмелі қайығын алып, ағысы қатты көпірдің астына түскен. Алайда қайығы аударылып, суға батып кеткен. 

"Қайықты су тартып алда да, аударып жіберді қайықты. Қайық аударылып кетті, астына батты. Біз "Әзиз, Әзиз!" деп айқайладық. Судан көрінбей кетті. Судан көрінді бір уақытта. Біз сол моментте жүгірдік, мосты айналып жүгірдік. Жүгіріп барып басы көрінді. Киімдерімізді шешіп, суға секірдік. Мен 10-15 метр жүздім. Ары қарай менде шама болмады", - дейді досы Бауыржан Нәлібаев. 

Алғашқыда суға кеткен Әзизді достары өздері іздеп таппақ болған. Бірақ еш нәтиже болмаған соң құтқарушыларға хабар беріпті. Алайда оның туыстары іздеу жұмыстары дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ деп налиды. 

"Қарап жатыр деген аты болмаса, білмеймін, айта алмаймын. Біз сол жерде күні-түні, балалар да түнге дейн жүр бәріміз жүрміз ол жақта. Бірақ, ешқандай результат жоқ", - деді Әзиздің әпкесі Мейірім Қозыбаев. 

"Сол күні құтқарушылар келіпті. Сосын оларға айтыпты түс деп, шақырған сол моментте. Спасательдер келген кезде "біз түспейміз 8-ден кейін, болды, уақытымыз бітіп қалды" деген. Сол кезде түскенде мүмкін құтқарып қалар ма еді менің күйеуімді?!" , - дейді әйелі.

Алайда төтеншеліктер туыстарының бұл уәжімен келіспейді. Суыт хабар түскен бойда оқиға орнына сүңгуірлер мен арнайы қайық, құтқару қызметінің мамандары тартылды. Содан бері 6-7 мың шаршы метр аумақты сүзіп шығыпты. 

"Технология бойынша құтқарушылардың адамды іздеу процесі, біріншіден - ол техника қауіпсіздігін қадағалау, екіншісі - судың қатты лайлануына байланысты. Өйткені сүңгіуірлер судың астында қолмен іздеп жүр денені. 3 мамырдан бастап құтқару жұмысына екі топтан құралып отыр. Бұл жерде 8 адам: 1 моторлы қайық және 3 сүңгуір. Жалпы алғанда сол 8 адам екі арнайы техника және бір қайық жұмылдырылып отыр. Іздестіру амалдары бағана айтып кеткендей денесін тапқанша жүргізіледі", - деді қалалық төтенше жағдайлар депртаментінің аға офицері Елдор Райымбеков. 

Есіл арнасы аса үлкен емес, ағысы қатты, тереңдігі де 2-ден 6 метрге дейін. Алайда канал тұнық болмағандықтан, сүңгуірлер ер адамның денесін әр аумақты бір түртпектеп іздеп жатыр. Судың астынан дым көрінбейтіндіктен мәйітті табу қиынға соғуда дейді олар.
 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр