Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда жазықсыз түрмеге қамалған қазақтар көбейіп барады

Қытайдың құзырлы органдары Өмірбек Бегалы жазықсыздан 8 ай түрмеге қамалған. Артынша ешқандай  кінә арта алмай, ақыры бостандыққа жіберген. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

2017 жылы ЭКСПО-ға  турист тарту мақсатында сол жақтағы әріптестерімен келісімге отыруға барған екен. Жолай Шыңжаңдағы ата-анасының амандығын білуге ат басын бұрған. Ертесіне қытайлық полицейлер келіп, ештеңе деместен Қарамай қаласындағы түрмеге тоғытқан.

Ол түрмеде өткен 250 күннің ішінде 40 келі салмақ тастапты.

«Бір тексереміз деген әңгімемен 8 ай қамап тастады. Соңында ешқандай кінә тапқан жоқ. Бірақ, компьютерге, қара тізімге енгізіп қоямыз. Қытайға келе алмайсың деді», – дейді Өмірбек Бегалы.

Айыпты да сол күйі таға алмаған Қытай полицейлері соңында осылай қулыққа көшкен көрінеді. Ақыры туған жері, ата-анасы мен ағайын-туысын көруден қаламын ба деп қорыққан Өмірбек олардың айтқанына келісіп, моральдық шығынды дауламаған. Қолына бостандыққа жіберген қағазын алып Қазақстанға қайтты. Сегіз ай бойы көрмеген балалары енді әкелерінің жанынан шыққысы келмейді.

Қазір Өмірбек  секілді шекара асып, түрмеге түскен қандастарымыз аз емес. Мысалы, осыдан 4 күн бұрын ғана Қытай полициясы Алматы тұрғынын темір торға жауыпты. Себебін де ешкім түсіндіріп жатқан жоқ.

Анасын көруге аттанған алматылық Анаргүл Сейдахметтің жары да 4 күн бұрын Бақты кеден бекетінін өткенде қамалыпты. Үш жасар ұлын жетектеген Ерсін Құрметтің де қолына не үшін кісен салғанын Қытай тарапы түсіндірмеген. Қытайда туған олар Қазақстан азаматтығын былтыр алған екен. Алматыда шағын кәсіптерін де бастаған. Бір жасар баламен қалған Анаргүлдің бар үміті енді тек Қазақстан елшілерінде.

«Ешқандай ол жақта қарызымыз жоқ. Басқалай да саясатқа қатысымыз жоқ. Таза болғаннан кейін қорықпай өтіп кеткен ғой. Барлық басшылардан, Сыртқы істер министрлігінен, барлық кісілерден көмек сұраймын», – дейді Е.Құрметтің жары Анаргүл Сейдахмет.

Сыртта құқықтары тапталған қазақтарды қорғау мақсатында бертінде «Атажұрт» ұйымы құрылыпты.

Олардың айтуынша, қазір Қытайдың өзінде бес қандасымыз еш себепсіз түрмеге жабылған. Одан бөлек Қазақстандағы туыстарына келген Қытайда тұратын қыспаққа алынған қандастарымыз көп екен.

«220-ға жуық нақты сотталған азаматтар бар. Еш себепсіз. Соның көбі Қазақстанға барғаны үшін, Қазақстандағы туыстарымен сөйлескені үшін түрмеге кіріп кеткен. Біз СІМ арыз жазғаннан кейін, СІМ Қытайдағы Қазақстан елшілігіне тапсырма беріп, сол елшілік сол жақтағы түрмеде отырған Қазақстан азаматтарына барған, соның арқасында қазір бір ағамыз шығып келді», дейді «Атажұрт» ұйымының төрағасы Қыдырәлі Оразұлы.

Тырнақ астынан кір іздеген қытайлықтардың әрекетін түсіну қиын болып тұр. «Атажұрт» ұйымы жазықсыз шекараның арғы бетінде түрмеге жабылған отандастарымыз туралы мәліметті жинақтап, Сыртқы Істер министрлігіне өткізген. Қазір отандық дипломаттар қандастардың жайына қатысты Қытай билігімен келіссөзді бастап кетті.

Тағы оқыңыз:

ШҚО халқына жер сілкінісі туралы хабар жетпейді

Оралда екі баланың анасын қағып өлтірген жүргізуші бостандықта жүр

Синоптиктер: Алматыда әлі 4 күн бойы қар жауып, аяз басталады

СҚО-да боран кезінде жоғалып кеткен ауыл мұғалімінің өлі денесі табылды

Талқылау