Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда тұратын қандасымыз кәсіпқой бокстан өз салмағында көш бастады

Қытайда тұратын қандасымыз, кәсіпқой боксшы Бейсенбі Нәсиоллаұлы жақында тағы бір ірі жеңісіне қол жеткізіп, өз салмағында Қытай Халық Республикасы бойынша 1-орынға шықты.

20160101125317

Бейсенбі Нәсиоллаұлы 2015 жылдың соңғы жекпе-жегін осыдан бір апта бұрын Юнан өлкесі Күнмиң қаласында өткізіп, 8 раундтық жекпе-жекте қарсыласын бәсекенің бірінші минутында сұлатып тастады. Осы жеңісінен кейін ол ҚХР бойынша өз салмағында көш бастады.

Естеріңізге сала кетейік, Бейсенбі Нәсиоллаұлы Қанат Ислам туған Қытайдың Алтай аймағы Қаба ауданында 1994 жылы дүниеге келген. Ол бірден кәсіпқой бокста бағын сынап, Филиппин, Тайланд, Қытай елдерінің саңлақтарын сан соқтырып, алыста жүрсе де қазақтың абыройын биіктерден көрсетіп жүр.

Ол биыл Қытайдың ішкі қалаларында ұйымдастырылған азиялық кәсіпқой жарыстарға сегіз рет қатысып, барлығында жеңіске қол жеткізді. Оның біреуінде ғана ұпай санымен басым түссе, өзге айқастарының барлығын мерзімінен бұрын айқын басымдықпен аяқтаған.

Бейсенбі қазір Қытайдағы «Жоң-Вей» компаниясымен келісімшартқа отырып, Лиябың Дұң есімді филиппиндік бапкердің қол астында жаттығып, шеберлігін шыңдап жүр. Салмағы – 147,4 фунт (66,8 келі), бойы 180 сантиметр. Қазір ол жалпы рейтингте осы салмақ дәрежесінде дүниежүзі бойынша 270-орында тұр.

Талқылау