Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда масалар зауыты ашылды

АҚШ-тың Флорида штатында соңғы бірнеше күнде 14 адам Зика безгегіне шалдыққан. Ауру адамнан емес, масалар арқылы жұққан.

komar1

Мұндай жағдай бүкіл ел бойынша алғаш рет 29 шілдеде тіркелген болатын. Енді штат басшылығы елдегі ауруды бақылау және алдын алу жөніндегі федералдық орталықтан көмек сұрап отыр. Ал Қытай жұртшылығы бүкіл әлемге қауіп төндірген вируспен күресте тың тәсіл қолдануға көшті. Қытайдың Гуанчжоу қаласында орналасқан әлемдегі ең үлкен масалар зауытында аптасына миллиондаған жәндік өсіріліп шығарылады.

Басты мақсат – жаһанды жаулай бастаған Зика мен Денге безгегі секілді аурулармен пәрменді күрес жүргізу. Мамандар індет тарататын зиянкестің ұрығын жойып жіберетін арнайы бактерия жұқтыртады. Сосын еркіндікке жіберілген олар өзге масамен жұптасып, бактерияны оларға да дарытады. Си Чжиюн, Сун Ятсен университетінің профессоры: – Біздің негізгі міндетіміз – масалар популяциясын азайту. Соның арқасында түрлі аурулардың таралуын елеулі түрде тежеуге болады. Бұл індеттердің қатарында Зика, Денге және Сары безгек бар. Сондай-ақ осы кеселді емдейтін дәрі-дәрмек ойлап табу жолында да тер төгіп жатырмыз.

Профессор масаға жұқтырылған арнайы бактерия оларды генетикалық өзгеріске ұшыратпайды деп отыр. Сондықтан бұл әдіс тиімділігімен қатар қауіпсіз саналады. Лян Джинтянь, жергілікті тұрғын: – “Біздің аймақта бұрын маса көп болатын. Мына тәжірибенің пайдасы тиеді деген үміттемін. Жергілікті халық арасында бактерия жұқтырған жәндіктер еркіндікке жіберілгенде қайта олардың саны арта түспей ме деген пікір де айтылып жүр. Алайда өз басым керісінше ойлаймын”, – дейді.

Зауыт басшылығы бүгінде Мексика, Пәкістан және Үндістандағы ғалымдармен келісім жасасып үлгерді. Себебі масалар тарататын аурулар мәселесі бұл елдерде өткір тұр. Ал ғалымдар кәсіпорынға мемлекет тарапынан нақты қолдау қажеттігін айтады. Өйткені мамандар зауыттың халықаралық маңызы зор деп санайды.

Жіберіп алмаңыз:

Масаның бірінші болып қандай адамды шағатыны анықталды

Масаның адам қанын қалай ішетіні анықталды (видео)

Талқылау