Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайда қарызға батып өлген жігіттің туыстары марқұмның денесін алдыра алмай отыр

Қытайда мойнына қыруар ақша ілініп өзіне қол салған жігіттің туыстары Көкшетаудан Астанаға жылап келді. Сыртқы Істер министрлігінің сылбырлығына наразылық білдірген ата-ана ұлдарының мәйітін Үрімшіден тезірек алдыруды сұрап отыр. Тіпті марқұмның денесінің қайда жатқанынан да олар мүлдем хабарсыз. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

image133236

Сурет news.caravan.kz

Өзі істейтін мейрамханада асылып өлген 25 жастағы Ербол Сухановқа кассадан 100 мың доллар ұрлады деп жұмыс берушілері айып таққан. Тіпті ата-анасының айтуынша, ұрып-соғып алмаған ақшасын қайтаратыны туралы мәжбүрлеп қолхат жаздырыпты. Енді әке-шешесінің тұңғыш ұлдарының денесін әкелуге қаржысы да, Үрімшіге ұшатын төлқұжаттары да жоқ.

Ал 3 жылдан бері мейрамхана әкімшісі болып жұмыс істеген марқұмның денесі мәйітханада жатқанын бүгін Сыртқы Істер министрлігі мәлімдеді. Азаптау, ұрып-соғу белгілерінің табылмағанын да айтып отыр. Ал қан жылаған ата-ана баласының өзіне қол салғанына сенгісі жоқ.

“Дарға асылып өлді ме, әлде дарға асты ма, ол жағын бір Алла біледі. Менің балам осы жақтағы бастық пен Үрімшідегі бастық миымды жеп жатыр деген. 100 мың доллар жоғалды деді. Қытайдан бізге ондай ақша өтсе, тексеру керек. Ешқандай қиын емес ол”, – дейді марқұм Ербол Сухановтың әкесі Кеңес Сухан.

Бұған дейін Ербол Сухановтың мойнындағы қарызға шыдай алмай, асылып өлгені туралы жариялаған едік.

Талқылау