Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай кәсіпкерлері Алматы облысындағы жерді өндірістік мақсатта пайдалануы мүмкін

Қазақстанда миллион гектардан астам жердің саудаға түсіп, шетелдіктерге де жалға берілетіні туралы жаңалықты ең бірінші Қытай кәсіпкерлері естіген сияқты. Қазірдің өзінде Қытай инвесторлары Алматы және Ақмола облыстарының әкімдеріне өз ұсыныстарын тастап, кәсіп етуге ниетті екендіктерін білдірді.

Amandyk-Batalov_SUAR-696x488

Сурет zhetysu.gov.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Тіпті, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қытайға арнайы барып кәсіпкерлермен кездесті. Ал шенеуніктер 25 жылдан соң жалға алу уақытын тағы ұзарту мүмкін екенін айтады.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қытайға сапары барысында оннан астам қытай компаниясымен меморандумға қол қойды. Ол жобалардың жалпы құны 2 миллиард долларды құрайды. Енді инвесторлар Қазақстанда зауыт, өзге де түрлі нысандар салуға құлшынып, білек сыбанып отыр. Ол үшін қытай кәсіпкерлеріне Алматы облысынан жалға жер берілмек. Бірақ әзірге қанша гектар екені білгісіз.

“Тек қана жалға алу құқығында. Әлі жер көлемі анықталған жоқ. Тек қана ауылшаруашылық жерлер емес, онда өндірістік мақсаттағы жерлерге де қызығушылық танытып отыр. Зауыт, фабрика, өндіріс орындарын салуға. Инвестициялық жобаларына сәйкес қарастырылатын болады”, – дейді Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Жолан Омаров.

Демек инвестор ретінде келетін қытайлықтарға қазақ жері тек 25 жылға жалға беріледі дегенді айтады мамандар. Ал ол уақыт өткенде компания салған зауыттарын қайта бұзып алып кетпейтіні анық. Әрине жерді алған мерзімін ұзартуға талап қояды. Бұл жағдайда шетел азаматтары уақытша жалға берілген жерлердің уақытын ұзартуды өтінсе, ол да орындалуы әбден мүмкін екен.

“25 жылдан кейін жер кодексіне сәйкес комиссия қаралады, мерзімін ұзартуға мүмкіншілігі болады ма, болмайды ма. Комиссия шешеді. Топырақтың құнарлығына байланысты ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің 1 гектардың құны суармалы егістік үшін 82-127 мың теңге аралығында. Тәлімі егістік бойынша 14-31 мың теңге аралығында. Жайылым 2-10 мың теңге аралығында. Шабындық жерлер 12-13 мың теңгені құрайды”, – деп атап өтті Жолан Омаров.

Ал, қазір Алматы облысы бойынша жер пайдаланушы қазақстандықтардың жер учаскерлерін жеке меншікке сатып алуға ниет білдіргендер саны 211 адамға жетіпті. Оларға 1 шілдеден бастап Алматы облысы бойынша ауылшылшаруашылық мақсатындағы 94 мың гектар жер аукционға шығарылады. Қытайлық инвесторлар Ақмола облысы әкімі Сергей Кулагинмен де кездесіп, жерге қызығушылық білдіріпті.

Қазақстанның жер кодексінде шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жері 25 жылға жалға ғана берілетіні жазылған. Бірақ, халық соның өзін көп көріп отыр. Тіпті, 25 жылдан соң оны ұзартып отыратын болса, ол жерлер іс жүзінде шетелдіктерге тиесілі болып кетпей ме деп есептейді.

Талқылау