Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Құсбегілік деген не? Құсбегілік туралы мәліметтер

Қазақ халқының ежелден келе жатқан көне дәстүрінің бірі назарға ілінбей жүргені жасырын емес. Ол - құсбегілік өнері. Көшпелі қазақ аңға құс, құмай тазы салып күн көріс қамын жасаған. Қазақтың асыл дәстүрін, мәдениетін дамытуда бұл өнердің маңызды рөл атқарғаны белгілі. Ал бүгінде қыры мен сырын екінің бірі игеріп кете алмайтын  бұл өнер жайлы біз не білеміз? Білгір құсбегі деген кім, олар қыран құстарын қалай таңдайды? Осы сынды сұрақтарға Stan.kz жауап береді. 

Құсбегі деген кім? Құсбегілік туралы мәліметтер

Әуелі құсбегі деген кім соған тоқталайық. Құсбегі - қыран құстардың бабын тауып, оны түрге, текке жіктей алатын, олардың  түр-тұлғасын  ажырата алатын, сүйек бітіміне, қанатына қарап құсты сынай білетін, олардың мінез-құлқын, жасын, ерекшеліктерін айыра білетін адам. 

Ал осы тұста «бүркітші деген кім?» деген сұрақ туу мүмкін. Ол- бүркітті бағып, бабын таба білетін, бүркітті қолында аттылы немесе жаяу алып жүре алатын, аңға сала білетін, аңшылық өнерден орташа сауатты адам. 

Осы тұста  құсбегілердің арасында «қағушы» деген  адам болады. Ол-қолында құсы жоқ, бірақ бүркітшілерге қолғанат болып жүретін, бұғып жатқан аңдарды айқайлап, тебінгі қағып ұясынан шығаруға, аңды бүркіттің көруіне жағдай жасайтын адамды қазақ аңшылығында «қағушы» деп атайды. 

Құсбегілер аңға салатын құстар қатарына : бүркіт, тұйғын, қаршыға, сұңқар, лашын, ителгі, бидайық, қарақылыш, қырғи, тұрымтай, жағалтай т.б. жатады. Құсбегілер осы қырандарды өзара екі тобқа ажыратады. Олар: 

1.    Қара көздер: бүркіт, ителгі, лашын, сұңқар, қарақылыш, бидайық, тұрымтай, жағалтай;
2.    Шегір көзділер: қаршыға, тұйғын, қырғи.

Ал аңды алу тәсіліне қарай: іліп алатындар, теуіп алатындар деп те екіге жіктейді. 

Аса білгір құсбегілер бұл қырандар тобын ары қарай тағы да түр текке ажыратып, жіктеп бөліп жатады. Кейбір құсбегілер бүркіттің өзін жеке бір текке жатқызады. Бұдан ары қарай Қыран құстар тұқымына қарай өз ішінен жеке-жеке түрге жіктеліп кетеді. Мысалы, қаршығаның: қара қаршыға, тұнжыр қаршыға, сырғақ қаршыға деп бөлінсе; тұйғын: ақ тұйғын, кір тұйғын, құл тұйғын деп бөлінеді. 

Құсбегі деген кім? Құсбегілік туралы мәліметтер

Осы қыран құстардың әр қайссының түр-тұлғасын жаңылмай ажыратып, тілсіз тіршілік иесімен тілдесіп, қырандарды айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізе білген адамдар қазақ халқының тарихында бұрыннан болған. Арыға ұзамай найман ішінде өткен Тіней құсбегінің даңқы аңызға айналған, ұлы жүздің жалайыр руынан шыққан Шора деген адамның құсбегілік даңқы бүкіл қазаққа жайылған. Аттары аңызға айналған  екі құсбегі жайлы: «Тінейдегі қасиет — ұялас екен Сарықұспен, Шорадағы қасиет — тілдес екен бар құспен»,— деген марапат сөздер кездеседі. 

Құсбегі деген кім? Құсбегілік туралы мәліметтер

Қазақ халқының тектілігін, жігіттерінің серілігі мен жүректілігін танытатын бұл өнер аса білгірлік пен мықтылық, қырандай қырағылықты талап етеді. Нағыз құсбегілердің табиғаттың аса асау, жыртқыш, қауіпті құспен тіл табысып, оны айтқанына үйрету үшін де ұзақ уақыт пен төзімділікті, біліктілікті талап етеді. Жаратылысынан жабайы, жыртқыш болып жаралған қыранқұсты шошытып, үркітіп алмай байланысуы аса маңызға ие. Құсбегілер алғашында жағымды дыбыс пен ақырын үн қатудан, шақшиып, тесіле қарамай, жылы қараудан бастайтын көрінеді. Себебі, адам дыбысы мен адам көзінен қорықпайтын хайуан болмайды. Осыны ескере отырып, құсбегілер қалай болғанда да өзінің зиянсыз екенін құсқа сезіндіруі қажет-ақ.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр