Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстанда қазақстандық фильмді көрсетуге тыйым салды

Бішкектің Октябрь аудандық соты қазақстандық «Регион 13» фильмін Қырғызстан аумағында көрсетуге тыйым салды.

6

Бішкектің Октябрь ауданы сотының судьясы Аида Жогоштиева «Регион 13» фильмін көрсетуге тыйым салу туралы шешім картина премьерасы болған күні, 10-желтоқсан шығарған, деп хабарлайды azattyq.org.

Қырғызстандағы «Айкол Ала-Тоо» қоғамдық қоры «Регион 13» фильміне қарсы сотқа арызданған. Олардың пікірінше, картинада 2010 жылы сәуірдің 7-сі күні, Құрманбек Бакиев биліктен кетірілген Қырғызстандағы Сәуір төңкерісінде қаза тапқан адамдар есірткі заттар қолданған көрсеткен. Ал фильмнің Қырғызстандағы продюсері кинокартинаның ол оқиғаларға қатысы жоқ екенін айтуда.

– Фильм 2010 жылғы сәуір және маусым оқиғалары кезінде қаза тапқан адамдардың атына кір келтіреді. Киноның трейлерінде сәуірдің 7-сі күні және маусым оқиғасы кезінде жігіттердің есірткі қолданғаны айтылады. Біздің сотқа арыздануымызға осы түрткі болды. Жағдайды тұрақсыздандыруға ешкімнің қақысы жоқ. Мұндай фильмдер Қырғызстан аумағында көрсетілмеуі керек, – дейді «Айкол Ала-Тоо» қоғамдық қорының басшысы, Қырғызстан социал-демократиялық партиясы атынан парламентке сайланған депутат Меербек Мискенбаев.

Оның айтуынша, ол фильмді толық көріп шықпаған. Сотқа арыздануға фильмнің интернеттегі үзіндісі жеткілікті болған жеткізді.

– Фильм идеясын қазақстандық режиссерлер шығарған. Олар бұл фильмді өз елдерінде Украина мен Қырғызстандағы сияқты қақтығыстар болмауы үшін, ондай оқиғалардың алдын алу мақсатында түсірген. Сценарийді Қазақстан мәдениет министрлігі мақұлдаған. Алайда қалай болса да біз өзімізде 2010 жылы болған сәуір оқиғасы туралы ашық айтуымыз керек. Ауыруын жасырған өледі, – дейді кино продюсері Шайырбек Маматокторов. Сонымен қатар, ол картинаның сәуір және маусым оқиғаларына қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Және картинада есірткі туралы айтылатынын теріске шығармады. Тіпті, ондай эпизодтар «Қырғызфильм» өтініші бойынша алынып тасталған екен. Қазір Шайырбек Маматокторов аудандық сот шешіміне қарсы жоғарғы инстанцияға арыз түсірмекші.

Қырғыз кинорежиссері Темір Бирназаровтың айтуынша, ондай фильмдердің мазмұны көрсетілмес бұрын тексерілуі керек. Және оны Қырғызстанда көрсетуге рұқсат берген «Қырғызфильмді» айыптайды.

«Регион 13» фильмі Таиландта, Қазақстанда және Қырғызстанда түсірілген. Фильм бюджеті 250 мың доллар болған.

Талқылау