Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қуып шықса қайда барамыз: Нұр-Сұлтанда жалғыз баспаналарының сүрілетінін естіген тұрғындар әкімдік алдына жиналды

Нұр-Сұлтан қаласында баспанасы сүріледі деген «Полянка» өндірістік кооперативінің тұрғындары әкімдік алдына жиналды, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаға сілтеме жасап.

Қуып шықса қайда барамыз: Нұр-Сұлтанда жалғыз баспаналарының сүрілетінін естіген тұрғындар әкімдік алдына жиналды

Ашынған азаматтар жалғыз үйінен айырылатын мыңдаған адамның тағдыры не болады деп қала басшысы Бақыт Сұлтановқа сұрақ қоймақ болған еді.

Алайда, әкімнің өзі емес, орынбасары тұрғындарды қабылдап, ашулы жұртты күлдіре отырып, мәселелеріңізді шешеміз деп уәде берді.

Жалғыз баспаналары сүріледі деп, соттың шешімі шыққалы берекелері қашқан «Полянка» өндірістік кооперативінің тұрғындары бұл мәселенің анық-қанығын білмекке таңертеңнен әкімдікке келді. Жиналғандар заңсыз деп, жалғыз баспанадан қуып шықса қайда барамыз деп алаңдаулы.

«Мүгедек, бала-шаға, көпбалалы аналар бәрі келіп, осы «Полянкада» тығылып отыр. Мұнда 7000 тұрғын бар. Осынша адамды қалай далаға лақтырады»,- дейді «Полянка» өндірістік кооперативінің тұрғыны Динара Шайгазимова.

Наразы топты ішке кіргізген шенеуніктер даулы аумақты бірнеше бөлікке бөліп, инвесторларға ұсынатындарын айтты. Компания сол жер теліміне көпқабатты үй салып, пайда табады. Ал, үйі сүрілген азаматтарды баспанамен қамтуға міндеттеледі.

«Бақыт Тұрлыханұлы енді бізге тапсырма беріп, өзі бақылауда ұстап отыр да оны. Сондықтан уайымдамаңыздар»,- дейді Нұр-сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов.

Алайда, тұрғындар бұл уәдені екіұдай сезіммен қабылдады.

«Сенім жоқ сіздерге. Әкім ауысып кетсе, ана мәселе қайта басталады. Жай ғана кепілдік беріңіздер болды»,- дейді ашынған тұрғындар.

Әкім орынбасары Нұрлан Нұркенов "қатты жылаған балаға екі емшек бар" деп, қазақтың мақалын да өзгертіп жіберіп, мәселесін айтып жиналғандың көңілін көтеріп тастады.

Бір шаңырақ астында төрт отбасы тұрып жатқан Гуляра Қаштаева қатты жылап, еселеп пайда таппай-ақ қойдым дейді. Ең бастысы, баспанасыз қалмасам болды, деп отыр.

«Полянканың» тұрғындары бүгінгі айтылғандар сайлаудан кейін ұмытылатын уақытша уәде болмаса игі деп, үміттеніп отыр. Ал әкімнің орынбасары осы мәселе бойынша ертеңнен бастап азаматтарды күн сайын қабылдайтын болып сөз берді.

Талқылау