БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

“Көзім бергі жағына шығып кетті”: Атыраулық азамат пойыздың терезесі сынып, шынысы көзіне кіріп кеткенін айтты

Атыраулық ер адам 2016 жылы пойыздың терезесі сынып, шынысының көзін ойып кеткенін айтады. Оқыс жағдай салдарынан зардап шеккен азаматтың көзін сақтап қалу мүмкін болмапты. Содан бері оның «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен соттасып жүргеніне 3 жыл болған. Алайда акционерлік қоғам оған тек миллион теңге көлемінде өтемақы беріпті. Бұл бірнеше отаға жұмсаған ақшаның жартысын да өтемейді, дейді ол.

"Көзім бергі жағына шығып кетті": Атыраулық азамат пойыздың терезесі сынып, шынысы көзіне кіріп кеткенін айтты

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

«Дәретханаға кіріп, айнасына қарасам, көзім бергі жағына шығып кеткен. Жан-жағына ештеңе болмаған, тек шыны кіріп, түскен», – дейді Бөгенбай Молдағалиев.

Үш баланың әкесі Бөгенбай Молдағалиев – қазір 3-топтағы мүгедек. Ол өзін мұндай халге түсірген «Жолаушылар тасымалы» екенін айтады. Оқиға 2016 жылдың қараша айында орын алған. Атырау-Маңғышлақ бағытындағы пойызға отырған ол вагондардың арасынан өте бергенде есіктің әйнегі сынып, шынысы оң жақ көзіне кіріп кеткен. Артынша дәрігерлер шығып кеткен көзді орнына тігіп берген. Жаны қиналған ер адам Башқұртстандағы білікті мамандарға барғанымен, емі жоқ екенін біледі. Дәрігерлер оған сол жақ жанарының да солып бара жатқанын айтыпты. Осылайша, 4 айға жуық уақыттан соң Атырау ауруханасында оң көзін алдыруға мәжбүр болыпты.

«Жолаушылар тасымалымен» 3 жылдан бері соттасып, соттан алған ақшам бір миллион теңгені құрайды. Менің емге жұмсаған ақшам одан 3 есе көп. Яғни бұл менің емге кеткен шығынымды да ақтамай тұр», – дейді ол.

Ал «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері барлық шығын заң жүзінде өтелгенін айтып отыр.

«Сот қандай шешім берді, біз сол шешімді орындап, 1 миллион теңге өтемақысын төлеп бердік. Енді бұл ол кісінің азаматтық құқығы. Тек қана сотқа жүгінсін», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ  баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп.

Ал жалдамалы үйде тұрып жатқан Бөгенбай Молдағалиев жұмысқа денсулығының жарамсыз екенін айтады. Енді жанарынан айырылған азамат әділдікті қайдан іздейтінін білмейді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр