Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көзі қызарып, ісіп кеткен": Алматы облысында оқушы сыныптасының көзіне қалам тығып алған

Алматы облысында сыныптасы көзіне қалам тығып алған оқушы соқыр болып қала жаздады. Қарашығын тесіп, түрлі-түсті түстерді анық көретін жанардың пердесін жыртып жіберген. Сорақысы сол, мектеп басшылығы көзі қызарған балаға жедел жәрдем шақырмай, үйіне қайтарған. Ата-анасы түн ішінде көзім көрмейді деп қайта-қайта шағымданған перзентін бір тәуліктен соң ауруханаға алып келіпті.

"Көзі қызарып, ісіп кеткен": Алматы облысында оқушы сыныптасының көзіне қалам тығып алған

Сурет: "Еуразия бірінші арнасы"/видеодан скриншот

Бір-бірімен келіспей қалған 7-сынып оқушылары Қарасай ауданы Береке ауылындағы мектепте оқиды. Ұлан Даниярұлының көзіне сыныптас қызы мазақтағаны үшін қалам лақтырып жібереді. Ол тура көз қарашығын жыртып жіберген. Алайда, ұстаздары «есектен кім құламайды» деген кейіп танытып, білім ордасынан медбике де таппай, үйіне қайтарған. Ата-аналарын ашындырып отырғаны да осы. Өйткені, қанталағанша қызарған көзі түк көрмей, түні бойы мазалап шығыпты, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы». 

«Жұмыстан түнгі он жарымдарда келемін. Баламды сол кезде көрдім. Көзі ауырып жатқан. Қызарып, ісіп кеткен. Ертесіне баланы ауруханаға алып бардым. Олар шұғыл ота жасауға жіберді», - дейді зардап шеккен баланың анасы Татьяна Машадилова.

Күні кеше бір медбикесі табылмаған мектептің іші бүгін ығы-жығы. Ауданнан келген мамандар балаларды медициналық тексерістен өткізуде. Учаскелік полицейлер де біртіндеп әрқайсын тергеуге алуда. Ал білім ордасының директорына оқушысының соқыр болып қала жаздағаны емес, сайлау маңыздырақ сияқты. Жұмыс орнында жоқ. Есесіне, көзін сулап, бір бинтті орап үйіне қайтарған сынып жетекшісі кінәсін мойындап отыр.

«Кешіктік деп ойлаймын. Бір бірден жедел жәрдем шақыруымыз керек еді. Оны мойнымызға алып отырмыз ғой. Бұл жерде баланың денсаулығын ойлап отырмыз», - дейді сынып жетекшісі Алима Сүйілбаева.

Ал «көзім көрмейді» деп шырылдаған ұлдарын ата-анасы әуелі Қаскелеңдегі ауруханаға апарыпты. Олар да түк таппаған. Сөйтіп, Алматыға келген. Мұндағы дәрігерлер бес минут өтпей бірден отаға жатқызған. Оқыс оқидан кейін отыз сағаттан соң емге әкеліп отыр, сәл кешіксе, соқыр болып қалар еді, дейді. Өйткені қаламның ұшы жанардағы түрлі-түсті түстерді көретін пердесін тесіп жіберген. 

«Көздің қасаң қабығына тиген, зақым келген. Бірақ ота кезде бәрін орнына тігіп, қалпына келтірдік. Қазіргі уақытта бала көріп жатыр. Ем алуы керек», - дейді қалалық балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхаммед Рузуддинов.

Аурханада жатқан 7-сынып оқушысы бір аптадан соң үйіне қайтады, жағдайы бірқалыпты, дейді дәрігерлер. Бірақ бұдан былай көзіне кішкентай шаң түссе де, дәрігерге көрінуге міндеттепті. Өйткені бір рет жыртылған қарашық тағы жыртылмауына кепілдік жоқ.

Талқылау