Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қожағапанов жемқорлық дендеген қазақ футболын сынға алды

Қазақстан Футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов еліміздің футбол саласындағы жемқорлық жайында сыни пікір білдірді. ҚФФ президенті Қостанайда доп теуіп жүрген футболшылардың жалақасын естігенде таңқалысын жасыра алмаған.

photo_52069

Сурет vesti.kz

Бұл туралы Наша Газета жазады.

Федерация президентінің айтуынша, ала доп аламанындағы былықтармен енді тікелей құқық қорғау органдарының өкілдері білек түріп күреспекші.

“Балқан түбегі немесе Африкадан келген футболшылардың Қазақстанды аңсап сұхбат беретіні ұнамайды. Өйткені, олар Қазақстанға баю үшін келеді. Ақша аласың, бірақ ойнамауға да болады деген көзқарас қалыптасып кеткен. Мен жақсы ойыншыларды агенттердің көмегіне сүйенбей табу керектігі туралы “Ақтөбе” клубына да, басқа ұжымдарға да ескерттім”, – деді федерация президенті.

Оның айтуынша, Қазақстанда 70 мың еуро жалақы алып ойнаған легионерлер бүгінде өзге клубтарда 9 мың еуроға доп теуіп жүр.

“Қазақстан чемпионатында 70 000 еуро жалақы алған ойыншылар бүгінде өзге чемпионаттардың екінші лигасында 9 000 еуро үшін ойнап жүр. Демек, олардың лайықты құны сол 9 мың еуро деген сөз. Неліктен ол біздің чемпионатта 70 мың еуро алады? Мұның бір ғана жауабы бар, ол – жемқорлық. Дегенмен, бұл былыққа енді құқық қорғау органдарының мамандары нүкте қояды” деп атап өтті Қожағапанов.

Айта кетейік, өткен жылы Ақтөбе облысының әкімі “Ақтөбе” клубының сапындағы ойыншылардың жалақысын айтып, жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Мәселен, Данило Сирино – 57 000 еуро, Андерсон Сантана – 61 000 доллар, Данило Неко – 67 000 еуро, Маркос Пизелли 75 мың доллар жалақы алып отырған.

Талқылау