Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайлық ана мен қызының биі оларды ғаламтор жұлдызына айналдырды (видео)

Қостанайлық ана мен қызының биі Инстаграм желісінде 230 мың мәрте қаралған. Видеоны жеке парақшасына жүктеген қыз оның соншалықты таралып кететінін тіпті ойламаған да екен. Желі қолданушылары Әсем Құлмұхамбетова мен оның анасының биіне тәнті болған.

биші-қыз

Бұл туралы “Біздің Қостанай“сайты жазды.

«Жарайсыңдар! 10 мәрте қайта-қайта қарадым десем өтірік емес шығар», «Екеуі де өте әдемі. Билеріңіз көңіл күйімді 100 пайызға көтеріп тастады», «Керемет ана, тағы осы сияқты бейнежазбалар күтеміз», «Өкінішті, біз анамызбен мұндай жақын емеспіз» деп бейнежазбаны тамашалаған адамдар түрлі пікірлерімен бөлісіп жатты.

Әсемнің сөзінше анасы екеуінің биі ойламаған жерден видеоға жазылған. Үй жұмыстарын бірітген Әсем қуаныштан билеп тұрған. Мұны көрген мамасы әзілдесіп: «Қазір мен саған қалай билеу керек екенін көрсетемін» деп бірнеше қозғалысты жасап көрсеткен.

«Сөйтсем анам меннен жақсы билейді екен»,-дейді Әсем. Сөйтіп екеуінің биі сырттан қарағанда қалай көрінетінін байқау үшін олар видео жазбаны қосып қойып билеген.

«Кешкісін видеоны Инстаграмдағы парақшама жүктедім. Ертеңгісін телефонымның  даусынан оянып кеттім. Менің парақшамда достарым аса көп болмайтын. Жүздеген адам достық жолдаған, мыңдаған ұнату белгісі басылған. Қазақстанның әр аймағынан адамдар жаза бастады. Анама сәлем айтуымды өтінді»,-деп күледі Әсем.

Араға уақыт салып сол видеоны  елдегі ойын-сауықтық бағдарламалардың бірінен көрсеткен. Ал сол кезде  Әсемнің алыс-жақын туыстары хабарласып, өздерінің биін телеарнадан көргендерін айтқан. Қазір анасы мен қызының биін 227 мың адам тамашалапты. Көпшілігі Әсемнен тағы да қызықты видео күтетіндерін жазған.

«Көпшілік әзілімізді дұрыс қабылдап, жақсы пікірлер жазған. Арасында жағымсыз пікірлер де бар. Бірақ мен оны анама көрсетпеуге тырыстым. Дегенмен ондай пікірлердің біразын анам оқып алған сияқты. Видеоны мүлдем алып тастауымды өтінді. Бірақ бәрі кеш. Себебі ол барлық жаққа тарап кетті. Сондықтан алдағы уақытта мұндай видео жазып, оны таратамыз деген жоспарымыз да жоқ»,-дейді Әсем.

 

 

Талқылау