Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көшербаев әскерге барудан жалтарғандардың тізімін БАҚ-та жариялауды тапсырды

Аппарат мәжілісінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев әскерге барудан жалтарғандарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды тапсырды.

1 (1)

Сурет: kz.otyrar.kz 

Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда облысында әскери қызметтен жалтарушылар бойынша әр апта сайын қала және аудан әкімдіктерінен мәлімет жинақталып, сараптама жасалуда. Бұл тізімге кіргендердің саны –  606 адам.

Облыстық медициналық комиссия дәрігерлерінің шешіміне сәйкес 606 адамның 383-і медициналық қайта тексерілуге жолданып, жиын пунктіне келмеген. Ал, қалған 223-і әскерге шақыру маусымы басталғалы іздеуде жүргендер.

– Мерзімді әскери қызметтен жалтарушылар жөнінде яғни, Отанын қорғаудан жалтарған азаматтар туралы өткен жылы да мәселе көтерілді. Биыл да осы мәселе тағы қайталанып отыр. Сондықтан олардың және ата-аналарының аты-жөндері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болсын, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Қызылорда облысы бойынша 49 279 адам әскери есепте тұрса оның ішінде, әртүрлі себептермен 21 427-і шақырылуға жатпайтындар. Сондай-ақ, биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында облыс бойынша 1999 жылғы туылған 11 сыныпты бітіретін 5 378 азамат әскери есепке алынды.

Жалпы Қызылорда облысынан көктемгі әскерге шақыру маусымында 743 азамат әскери қатарына жөнелтілуі тиіс болса, қазірде соның 304-і әскери борышын өтеуде. Қалған 439 азаматты әскерге жөнелту жұмыстары ағымдағы жылдың 25 маусымына дейін жалғасады.

Жіберіп алмаңыз:

Әскери курсант қыздар ер-азаматтарды флэш-моб арқылы құттықтады (фото, видео)

Талқылау