Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Көшеде не өзгерді?”: Премьер-министр сержанттардың шенін өзгерткен Қасымовтан жауап алды

“Сержанттар сауатсыз”. Бүгін үкімет отырысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өз бағыныштыларына осындай баға берді. Қасымов мырза полиция сержанттарын офицер қыламыз деген болатын. Ал премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қосымша сұрақ қойды. Бұл туралы Үкімет отырысына қатысқан Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Көшеде не өзгерді: Премьер-министр сержанттардың шенін өзгерткен Қасымовтан жауап алды

“Сержанттарды лейтенантқа өзгерту дедіңіз. Тек қана Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары ғана осы бағыттағы жұмыстарды аяқтады, басқа аймақтарда әлі біткен жоқ” деп. Сол сержанттар офицерге ауысқаннан кейін не өзгерді? Қарапайым халық тұрғысынан. Бұрын сержант қорғайтын еді енді офицер. Не өзгерді көшеде? Қылмыс азайды ма? Азаматтар өзін бұрынғыдан қауіпсіз сезіне бастады ма?” – деді Бақытжан Әбдірұлы.

Қасымов жұмыс сапасы артады деді.

“Ең бірінші сапасы көбейеді. Екіншіден жоғары білім бар ғой. Сержанттар білімсіз”, – деді ол.

Содан кейін Қалмұханбет Қасымов Ішкі істер департаменті енді полиция департаменті деп аталады деді. Сол арқылы жергілікті полиция, тергеу органдарын бір орталықтан басқаратынын айтты. Үкімет басшысы тағы да халыққа қолайлы жағын нақтылады.

“Бір ортадан басқару үшін сіздерге қолайлы. Ал қарапайым халық не сезінеді?” – деді Сағынтаев.

Қасымов қысқа жауап берді: “Бақылау күшейеді”.

“Ең алғашқы қылмысың басталады партадан”

Бас полицей жасөспірімдер қылмысы туралы айта келіп, әр мектепте бір-бір инспектор болса деген ұсыныс айтты. Бірақ, бұл бастама да Сағынтаев мырзаның көңіліне қона қоймаған сыңайлы. Инспектор жұмысының тиімділігін сандармен дәлелдеуді сұрады

“Әр мектепке инспектор керек дейсіз. Инспектор бар мектепте мынадай, инспектор жоқ мектепте мынадай жағдай деген статистика бар ма?” – деп сұрақты төтесінен қойды Сағынтаев.

Қасымов мұндайды күтпесе керек. Сасып қалды.

“Бар. Дайындап береміз”, – деді ол. Нақты жауап естімеген Премьер-министр сұрағын қайта қойды.

“Инспектор бар мектепте қылмыс бар ма, жоқ па?” – деді Сағынтаев. Министр жалпылама жауаппен құтылды.
“Бақылауға алу керек. Бәрі сонда басталады”, – деді Қасымов.

Содан кейін аймақтық полиция басшылары сөз алды. Астана қалалық ІІД басшысының сөзінен соң үкімет басшысы тағы бір қызық жағдайды еске салды.

“Былтыр ЭКСПО өтті. 3 айда Астанада қылмыс азайды. Көрме аумағында да, жалпы қалада да. Демек, қаласаңыздар істеуге болады екен ғой?” – деді ол.

Астана қалалық ішкі істер департаментінің басшысы Марат Қожаев оның себебін түсіндірмек болды:
“Ол кезде қосымша көмек келді”.

Бақытжан Сағынтаев ол себеп емес, мәселе жұмыстың жүйелігінде деп тоқтатты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау