Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қош келдің, 42-күзім менің: Бүгін Мейрамбек Бесбаевтың туған күні

Қазақтың біртуар ұлы, қазақ өнерінде шоқтығы биік тұлға Мейрамбек Бесбаев бүгін 42 жасқа толды. Әншіні өнердегі және өмірдегі достары құттықтап, ақ тілегін жаудырды.

“Қош келдің 42-күзім менің… Тілектеріңізді оқып ,көріп қуанып отырмын! Сіздерге көп рахмет! АЛЛА разы болсын!!!”, – деп жазды Мейрамбек Бесбаевтің өзі желіде.

Айналдым алтын ұлыңнан,
Қалайша ағаламайын?
Мейрамбек ағам туылған
Мейрамдарыңмен ағайын!

Бұл құттықтау шумағын өнердегі әнші інісі Төреғали Төреәлі желіде жариялады.

“Домбырадан дауыл тұрғызатын, (сүйрік) саусағы жүйрік Мейрамбек негізінен әннің табиғатына қарай, домбыраға қолайлы, әннің көркем болмысы қалап тұрған аспаптың шексіз мүмкіндігін шебер көрсетуде үлкен жетістікке жетті. Ол домбыраның бұрауын келтіріп жатпай-ақ кез келген ладта, тіпті ыңғайсыз тональдікте де ойнап кете береді. Мейрамбекте музыка майталмандарының бойында болған суырып салма қасиет ұмытылмай, жалғасын табуда. Заманауи эстрадада домбыра көмегімен кез келген бағыттағы, кез келген заманның сазын орындай алу, заманауи домбыраның мүмкіндігі концерттік практикамен дәлелденсе, сондай түпсіз орныдаушылық шеберліктің басым бөлігін Мейрамбек игерді десем асыра сілтегендік емес”. Бұл менің ғылыми еңбегімдегі “МузАРТ” туралы мақаламнан үзінді. ҚАЗАҚтың Мейрамбегі, туған күніңмен!”, – деп жазды Сәкен Майғазиев.

Өмірде де, өнерде де достығы берік Тоқтар Серік бала күнгі жолдасына өлең шумақтарын арнады.

“Өмір деген зулап өтіп барады,
Өсіп, өну ол уақыттың талабы.
Туған күнің құтты болсын, жан досым,
Ашық болсын келер күннің қабағы.

Туған күніңмен, досым. Біз осылай армандайтын едік болашақты. Аллаға сансыз мақтаулар болсын. Аман бол досым”, – деп жазды Тоқтар Серік.

Одан өзге Мұқасан Шахзодаев, Бағлан Әбдірайымов, Қанат Әлжапаров, Абай Бегей, Бейбіт Қошқалиев т.б. өнер жұлдыздары ізгі тілегін айтып, құттықтау жолдады.

“Балам екеуміз үшін қымбат фото. Мейрамбек көкесінің өзі құшақтап тұрғаннан кейін ойлай беріңіз. Аға сізді жақсы көреміз. Ұрпағыңызбен,жақсылығыңызбен мың жасаңыз.Дүние есігін ашқан күніңіз құтты болсын”, – деп жазады “Жігіттер” тобының әншісі Ердос.

Қазақтың Мейрамбегіне Мәдина Сәдуақасова мен Алтынай Жорабаева да ақ тілегін арнады.

“Туған күніңмен! Өнердің биік шыңын – халықтың шынайы ықыласын, бағындырған жансың! Әрбір қазақтың ішкі жан дүниесінің мұңын да сырын да сенің дауысың, үнің, жүрегің жеткізеді… Халық сенің өзіңді, әніңді сүйеді… Аман бол, досым, туған күніңмен тағы да!”, – деді Мәдина Сәдуақаова.

“Мейрамбек аға , туған күніңіз құтты болсын! Алла отбасыңызға, өнеріңізге Нұрын жаудырсын. Ең бастысы, денсаулығыңыз мықты болсын”, – деп тілек білдірді Алтынай Жорабаева.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау