Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорқып кеттім: Шымкентте сауда орталығында әйелді босандырып алған күзет қызметкері оқиғаның қалай болғанын айтты

Шымкентте сауда орталығында дүниеге келген нәресте ертең перзентханадан шығарылады. Оған бесік арба мен жөргектердің жылдық қоры сыйлыққа беріледі.

Қорқып кеттім: Шымкентте сауда орталығында әйелді босандырып алған күзет қызметкері оқиғаның қалай болғанын айтты

Белгілі болғандай, толғағы қысқан әйелді дәретханадан бірінші болып күзет қызметкері Ботагөз Әлихан көріпті, деп хабарлайды Otyrar басылымына сілтеме жасап Stan.kz.

«Мен келген кезде сәбидің басы шығып келе жатты. Бәрі сонша тез болып кетті. Әйел жеңіл босанды да, перзентін бірден қолына алды. Мен оны көргеннен кейін, бірден жедел жәрдем шақырдық. Алайда нәресте дәрігерлер келгенше дүниеге келді. Шынымды айтсам, бірінші рет әйелді босандырдым. Қорқып кеттім», – дейді Ботагөз Әлихан.

Анықталғандай, 23 жастағы жүкті келіншек сауда орталығының дәріханасына бармақ болған. Алайда сол жерде суы кетіп, толғақ қысыпты. Сондықтан ол дәретханаға асығады. Дені сау қыз бала аздаған минуттардың ішінде өмірге келді. Оған Аиша деген есім берген.

Десе де жас босанған ана тілшілермен сөйлесуден бас тартты. Жаңа туған сәбиін де көрсеткісі келмеді. Оған сауда орталығында босанып қалуынан алған күйзеліс әсер етсе керек.

Ал перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің сөзінше, жас ана мен сәбиі жеткізілген кезде нәрестенің дене температурасы төмен болған.

«Оған алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Бірнеше сағаттан кейін нәрестенің жағдайы тұрақталды. Анасы мен сәбиін палатаға ауыстырдық. Қазір екеуінің жағдайы жақсы. Ертең үйіне жібереміз», – дейді перинаталдық орталықтағылар.

Ойын-сауық орталығының әкімшілігінің жас ана мен сәбиіне сыйлығы бар. Олар бесік арба мен жөргектің жылдық қорын тарту етпек.

Еске сала кетсек, 10 ақпанда шымкенттік келіншек сауда орталығының дәретханасында босанып қалған еді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау