Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғай алмаса, қолымызға қару берсін: Қоғам белсенділері Денис Теннің өлімінен соң бастама көтерді

Денис Тенннің өлімінен соң ел тұрғындарының бас қауіпсіздігін ойлаған қоғам белсенділері осындай бастама көтерді. Олардың сөзінше, азаматтарымыздың қолына тапанша берсек, көшедегі оқыс шабуылдар мен қылмыс азаяды.

Ал ішкі істер министрлігі болса тұрғындарды қорғауға қауқарлы емес, дейді бастамашыл топ. Ал министрлік өкілдерінің бұған қатысты пікірі қандай? Суық қару халыққа сенімділік сыйлай ма? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Астана тұрғыны Дәурен Тұрсалы Ішкі істер министрлігі рұқсат етсе, травматикалық тапанша сатып алар едім, дейді. Күзет фирмаларының бірінде жұмыс істейтін азаматтың қызметтік қаруы бар. Бірақ, оны қызмет бабымен де қолданып көрмепті.

«Рұқсат берсе, ұстауға болады. Өзіңнің өмірің үшін. Әрқандай жағдай болады ғой, әркім әр жерде жүреді. Қаланың сыртында болады неше түрлі адамдар, кімнің қандай оймен жақындайтынын білмейсіз. Қазір не көп? Жастар бәрі пышақ ұстайды» – дейді қала тұрғыны Дәурен Тұрсалы. Азаматтардың жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қару ұстау мәселесі соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Денис Тенннің қапыдағы қазасынан соң, алматылық қоғам белсенділері тұрғындарға қорғаныс құралы ретінде травматикалық қаруға рұқсат етілсін деген бастама көтерді.

«Ішкі істер министрлігінің халықты қорғау үшін жасап жатқан амалдарының пайдасы аз екенін көріп отырмыз. Денис Теннің қазасы соның бір ғана айғағы. Көшедегі қарақшылық, тонау, ұрлық тыйылмай тұр. Үйде де, түзде де өзімізді қауіпсіз сезіне алмаймыз. Полиция бізге 100 пайыз қорған бола алмай тұр. Сондықтан, заңға бағынышты азаматтарға бұрынғыдай травматикалық қару ұстауға рұқсат берілсе екен дейміз» – дейді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Ерлан Смайлов.

Әлбетте, бұл қаруды кім көрінгеннің қолына бере салу деген сөз емес. Тапаншаны алудың ережесі заңмен бекітіліп, Ішкі істер министрлігі лицензия беру жағын жіті қадағалауы керек, дейді қоғам белсендісі.

«Газды тапанша мен электр шокер қолдануға болады дейді. Бірақ, бұл құралдардың көмегі аз. Мәселен, газды тапанша аязды күндері мүлдем атпайды, газы қатып қалады. Ал, электр шокерді пайдалану үшін қаскүнемге мейілінше жақындау керек. Оның қолында пышақ болса ше? Қалтамызда қару жатса, жай ғана көрсетсек, сескенер еді деп ойлаймын» – дейді Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Ерлан Смайлов. Ал, заңгер Айсана Сман халықтың қолына емін-еркін қару беру идеясын мүлдем қолдамайды. Қару ұстау керісінше, үлкен қауіптің көзі, дейді.

«Жаңағы ұсыныс ертең, мысалы, қоғам мен мемлекетте осындай шешімге келіп, ия, ҚР азаматтарына еркін қару берілсін десе, бұл жерде бақылау функциясы он есе күшеюуі керек. Ең маңыздысы – ертеңгі жағдайда пайдаланған қару тек қана нақты жағдайларда өзін-өзі қорғау немесе аң ату, немесе спортқа байланысты соған ғана пайдаланатын

функциясын заңда күшейту керек» – дейді заңгер Айсана Сман. Халық арасында жүргізген сауалнама да біздің қоғамның қару ұстауға дайын еместігін аңғартты. Тұрғындар бір ауыздан қалтаға тапанша салып жүрудің қажеті жоқ деген пікір білдірді. «Менің ойымша, қазақстандықтарға қару керек емес, өйткені, біздің еліміз тыныш, ондай дәрежеге жеткен жоқпыз» «Керек емес деп ойлаймын. Өйткені, қаруды байқаусыз қолданып қоюы мүмкін» «Әр адамға қару бере берсе, онда біздің заманымыз не болып кетеді?» «Жоқ! Болмайды. Бар ғой 112, кісілер бар көмектесетін жан-жағында, хабарласып, ал қаруды болмайды» Дегенмен алматылық қоғам белсенділерінің ұсынысы қабылдануы мүмкін. Бұл мәселе қазір Ішкі істер министрлігінде қаралып жатыр екен. Нақты шешім жақын арада жария етіледі.

«Қазіргі таңда осы бастама бойынша ішкі істер министрлігінде арнайы топ құрылған. Осы шешім қарастырылған соң, жауабы беріледі және үкімет үйіне біздің атымыздан ұсыныс түседі. Егер өзгеріс енген бойда, біз қайта рұқсат беруге дайынбыз» – дейді Астана қалалық ішкі істер департаментінің бөлім басшысы Бағлан Қазбеков.

Ал, әлемде қалай? Жаһандық статистика азаматтарға қару ұстауға рұқсат етілген елдерде қылмыстың азайғанын көрсетіп отыр. Мәселен, халқы ең көп қару ұстайтын Құрама штаттарда 100 адамға шаққанда қарумен кісі өлтіру дерегі 10 жылдың ішінде 7 пайыздан 4-ке дейін азайған. Сөйте тұра, АҚШ-та мектепте, көшеде, қоғамдық орындарда беталды оқ атылған жайттарды жиі естіп-көріп жүрміз. АҚШ-та бір мектептің түлегі мектепке келіп, оқ ашқан, 17 адам мерт болды. Ресейде тапанша ұстауға рұқсат жоқ. Солтүстіктегі көршілер біз секілді бұл мәселені биыл Думаның қарауына ұсынған. Қолдау таппады. Ал, біздің елде травматикалық қаруға 2015 жылдан бері тыйым салынған.

Ішкі істер министрлігі миллиардттап қаржы бөліп, күні бүгінге дейін халықтың қолындағы қаруды жинап алды. Тек Астананың өзінде тіркеудегі 4 мыңнан астам травматикалық тапанша түгел сатып алынған. Полиция өкілі тұрғындардың қолында тіркелмеген қару бар болуы мүмкін екендігін жоққа шығармады. Белгілісі, қазір бас қалада тұратын 1 мың 700 адамда газды тапанша бар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау