Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғасқа сауда жасауға барғандар кері қайта алмай жолда қалып жатыр

Қытаймен екі ортадағы «Қорғас» халықаралық сауда орталығында қордаланған мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Жұрт ақшасын төлеген автобусқа қайтарда сыймай, жүгімен далада қалатып жатыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Иін тірескен кезекте көпшілік ішке кіру үшін, тіптен бір-бірін таптап кетуден де тайынбайды. Ал, осы аумақтағы тасымалға жауапты мекеме бұл жағдайдың көктем келе оңалатынын айтып сендіруге тырысты.

Қазақ-қытай шекарасындағы халықаралық сауда орталығына күн сайын орташа есеппен 2 мыңға жуық адам барады. Сауда орталығына барып-қайтудың құны 1500 теңге. Бірден екі бағыттың билетін алуға міндеттісіз. Шаруасын ерте жайғастыруды көздегендер таң  атысымен кеденнен жеті шақырым жердегі базарларға ескі автобуспен аттанады. Көпшілік түскі үш-төртке дейін керек-жарағын алып, қайтуға қамданады. Нағыз қарбалас та сол сәтте басталады.

Таңда базарға бос дорбаларымен кіріп, кешке жүктерін арқалап қайтып, арғы бетке өте алмай әлек.

Арғы бетке өту үшін кейде 3-4 сағаттап кезегін күтетіндері де бар. Халықаралық сауда орталығы аумағында бар-жоғы 25 автобус жүреді екен. Мұндай кезектен қажығандар, төлеген ақшаларының еш кететіндігін айтады. Бұл жағдайды осы аумақтағы таксистер оңтайлы пайдаланып жатыр. Кезекте тұрғысы келмейтіндер амалдың жоқтығынан, қымбат болса да жүктерін таксиге тиеп, екі есе ақша төлеп қайтуға мәжбүр.

«Халыққа жағдай жасауларың керек. Анандай автобус бар. Асты бар. Үстінде адам отыратын. Бір адамның ішіне неше адам отырады. Рас па? Біз ит болып жүрміз міне. Біз жасымыз 50-ден асып 60 -қа жақындаған өлуіміз керек пе Қазақстанда?», – дейді Жаркент қаласының тұрғыны Қорғасбаева Зейнешгүл.

«Екі қолымызға екі жүк ұстап автобустарға отыра алмаймыз. Жүре алмаймыз. Жүргізбейді бізді. 1500 теңге төлейміз. Бірақ, біз автобусқа отыра алмаймыз. Таксилерде сол. Ана жаққа 1500 төлейміз, таксилерге отыру үшін де сонша төлеу керек. Біз сонша ақша шығара алмаймыз ғой», – дейді Жаркент қаласының тұрғыны Айша Тайырова.

Халықаралық орталықтың басшылығы бұл былықтан хабардар. Тығырықтан шығудың да жолын қарастырыпты-мыс. Көктемде әуежайдағыдай жүкті өткізіп, арғы беттен күтіп алатын жүйені іске қосуды жоспарлап отыр. Ал, оған дейін кезекте тұрғысы келмейтіндер гид қызметінің көмегіне жүгінсе болады дейді.

 «Олар кезексіз өтеді. Туристік топтарға арнайы дәліздер қарастырылған. Алдын ала келетін және қайтатын уақыттарын ескертуі тиіс. Әрине, қызмет құны сәл қымбат болуы мүмкін. Бірақ, уақыттарын жоғалтқысы, кезекте тұрғысы келмейтіндер осы гидтердің қызметін пайдаланады», – дейді «Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастығы халықаралы орталығы АҚ президенті Жазин Қаһарман.

Жаңа жүйе көктемде іске қосылуы тиіс. Қазіргі ескі 25 автобустың орнын заманауи 50 қоғамдық көлік басады деп күтіліп отыр. Халықаралық орталықтың басшылығы «сәуір келіп тәуір боларына» сенімді. Ал, оған дейін жұртшылық кедендегі кептеліс пен керістен әзірге арылмайтың сыңайлы.

Тағы оқыңыз:

Өскеменде сноубордшы қыз жаттығу кезінде ауыр жарақат алып, комада жатыр

Шымкентте орындық орнына диваны бар автобус жүреді (фото)

Қызылордада терезеге ілінген көк туға қатысты жоғары сот шешім шығарды

Талқылау