Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кореяға демалуға барған отандастарымыз жертөледе ұйықтап елге оралды

Сеулге барып саяхаттаймыз деген алпысқа тарта отандасымыз әуежайдың жертөлесінде үш күн жатып, кері қайтқан. Тек не үшін қайтарып жібергенін ешкім түсіне алмапты.

46088

Бұл туралы “КТК” арнасы хабарлайды.

Полиция күдіктенген саяхатшылардың бәрін Оңтүстік Корея астанасы әуежайының жерасты қабатында тоғытқан. Мұнда қазақтардан бөлек, Ресей, Сирия, Мысыр, Индонезия, Моңғолия мен Тайланд азаматтары да бар. Ел көреміз деп барған қазақстандықтар алдын ала ақшасын төлеген қонақүйлеріне де жете алмапты. Полиция оларды ешқайда шығармай, үш күн бойы ұстаған. Отандастарымыздың жартысы 7 наурыз күні елге депортацияланыпты. Қалғандарының қайтқан-қайтпағаны белгісіз.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайды Оңтүстік Кореядағы заңсыз мигранттардың көбеюімен түсіндіріп отыр. Ресми мәлімет бойынша, қазір ондағы тіркелген 6900 Қазақстан азаматының 1580-і заңсыз жолмен барған екен. Бұл елге оқу іздеп барған Дархан Отарбаев та гастарбайтер деп танылып, алғашқы лекпен кері қайтарылыпты. Енді ол жаққа аттап баспаспын деп отыр.

“Жататын жер мүлдем болмады. Қазақтармен 3-4 сағаттан бөлісіп, тұрғызып, сөйтіп ұйықтадық. Ал Тайланд халқында көбісінде орын болмады да олар әжетханада сыртта ұйықтап жатты. Сыртқа шығып, сұрақ қояйын десең көбісі айғайлап, қуып, қайтадан бөлмемізге тығып тастады. Бір жаман жатыс болды”, – дейді Дархан Отарбаев.

Естеріңізде болса, осы уақытқа дейін Оңтүстік Кореяға ұшқан туристерге тегін смартфондар таратылғаны туралы жазған болатынбыз.

Талқылау